Санкт-Петербургте Энергетика министрі Қ. Бозымбаевтың «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасы А. Миллермен кездесуі өтті

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2018 жылдың 26 ақпанында Санкт-Петербург қаласында ҚР Энергетика министрі Қ. Бозымбаев «Газпром» ААҚ Басқарма төрағасы         А. Миллермен кездесті.

Еске салып өтсек, 2016 жылы Қазақстан мен Ресей арасындағы  XIII өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында екі елдің Мемлекет басшылары 2016-2018 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойған болатын.

Жоспарға сәйкес Қазақстан территориясы арқылы газды жеткізу және тасымалдауды іске асыру мақсатында екі ел арасындағы газ тасымалдау потенциалын қолдану жөніндегі екіжақты келіссөздерді жүргізуді жалғастыру қажеттілігі тапсырылды.

Сонымен қатар кездесуде Астананы газдандыру жобасының іске асыруға қолайлы болатын бағыттары талқыланды.

Талқылау барысында бірлескен жұмыс тобын құру шешімі қабылданды, жұмыс тобына қысқа мерзімде Астананы және Орталық Қазақстанды газдандыру үшін Ресейден Қазақстанға тартылатын транзиттік магистральді газ құбырын салуға мүмкіндік беретін бағыттарды әзірлеу тапсырылды.

Осы орайда,  транзиттік магистральді газ құбырын салу жобасын сәтті іске асыру газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықты бұдан әрі  дамытуға мүмкіндік беретіндігін атап өту маңызды.

Сондай-ақ тараптар Каспий теңізіндегі және шекаралас кен орындарындағы жер қойнауын пайдалану жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ағымдағы жағдайды талқылады.

Жалпы айтқанда тараптар газ саласындағы екіжақты ынтымақтастық қанағаттанарлық екендігін атап өтті.

Ведомство басшысы Қ. Бозымбаев – қазақстандық тараптың бірлескен жобалардағы ұзақмерзімді әріптестік қатынастарды нығайту және кеңейтуді қолдайтындығын атап өтті, сондай-ақ газ саласындағы екі елдің ынтымақтастық потенциалын  бұдан әрі тиімдірек дамытуға ниеттілігін білдірді.