Халықаралық сарапшылар Қазақстанның «жасыл экономиканы» құру және экологиялық көрсеткіштерді жақсарту бойынша міндеттерінің орындалуын тексереді

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2018 жылғы 12 наурызда Астана қ. Қазақстанның Экологиялық қызметі нәтижелілігінің Үшінші шолуын (бұдан әрі – ЭҚНШ) әзірлеу бойынша сарапшылар миссиясы жұмысына кірісті.

Әр түрлі елдерден, ЭЫДҰ, ДДСҰ, ЮНЕП және БҰҰ ЕЭК-тен келген он төрт сарапшы елімізде 10 күн бойына Қазақстанның «жасыл экономиканы» құру және экологиялық көрсеткіштерді жақсарту бойынша міндеттерін орындауда қол жеткізген прогресіне шолу жасайды.

Миссия барысында сарапшылар тобы мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, бизнестің, ғылыми ортаның және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездеседі. Сарапшылар әр түрлі объектілерге барады: жылу электр станциялары, металлургиялық зауыттар және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар.

2019 жылдың қаңтарында ЭҚНШ нәтижелерін БҰҰ ЕЭК-тің Экологиялық саясат жөніндегі комитеті қарастырады.

ЭҚНШ «жасыл» экономиканы дамыту саласында, атап айтқанда энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және денсаулық сақтау секторларында Қазақстанның қол жеткізген нәтижелерін бағалауға бағытталған. Онда атмосфералық ауаның ластануын азайту, судың сапасын жақсарту, қалдықтардың түзілу көлемін азайту және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды басқару бойынша Үкіметтің іс-қимылдарына баға беріледі.

Шолу өз уақытында жүргізілуде, себебі қазіргі уақытта елімізде Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі жөніндегі тұжырымдаманы (2013 ж.) және Экологиялық кодексті (2007 ж.) қайта қарау бойынша жұмыстар атқарылуда.

Қазақстанның ЭҚНШ-ын БҰҰ ЕЭК Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігімен ынтымақтастықта өткізуде. Германия, Венгрия, Италия және Португалия, сондай-ақ ЭЫДҰ, ЮНЕП және ДДСҰ сияқты халықаралық ұйымдар өз сарапшыларын осы Шолуға қатысу үшін жіберді.