Қазақстан Республикасы ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркеліміне енгізу әдістері

Астана қаласында «Қоршаған ортаға бөлінетін ластаушы заттар мен сынап эмиссиясы: анықтау, түгендеу және Қазақстан Республикасы ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркеліміне енгізу әдістері» семинары аясында Қазақстандағы ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тізілімін енгізу мәселелері талқыланды. Семинар 2018 жылғы 11 сәуір күні Астана қаласындағы «Гранд Парк Есіл» қонақүйінде өтті.

Семинарды Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен Қоршаған ортаны қорғаудың ақпараттық-талдау орталығы, Қазақстандағы БҰҰ-ның даму бағдарламасы және «Тұрақты дамуға жәрдем көрсету» орталығы ұйымдастырды.

2017 жылдан бастап І-санаттағы өнеркәсіп орындары ластауыш заттардың эмиссиялары бойынша есептерін көпшіліктің назарына қолжетімді ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының тіркеліміне (ЛШТТ) енгізу үшін ұсынуы тиіс. Есепке алынуы тиіс заттар тізіміне 86 зат кіреді, оның ішінде тұрақты органикалық ластауыштар, сынап және басқа да улы химиялық заттар бар.

Семинар ластауыш заттар бойынша есептілік, Қазақстанда ЛШТТ-ні енгізу, сондай-ақ эмиссиялар бойынша онлайн-есептілікке арналған порталды пилоттық тестілеу бөлігіндегі мүдделі тараптардың әлеуетін арттыру мақсатында өткізілді.

Семинарға 60 адам, оның ішінде ҚР Энергетика министрлігінің, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының, Экология департаментінің, Қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің, Астана қаласының, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Қостанай және Алматы облыстарының тау-кен өндіру, энергетика, мұнай өңдеу, металлургия, химия салалары кәсіпорындарының және ҮЕҰ-ның өкілдері қатысты.

Қазақстандағы ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізу жөніндегі сессия аясында ҚР ластауыштардың шығарындылары мен тасымалдарының мемлекеттік тіркелімін жүргізу жөніндегі ҚР заңнамасының талаптары, Қазақстандағы ЛШТТ туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі ағымдағы ахуал қарастырылды. Қатысушыларға Негізгі және маңызды секторларға арналған эмиссияларды бағалау әдістері жөніндегі ұлттық нұсқаулықтардың жобалары ұсынылды.

Сессия барысында қатысушыларға мемлекеттік ЛШТТ-ге есептілікті тапсыруға арналған  бағдарламалық қамтамасыз ету бойынша «ҚОҚ АТО» РМК әзірлеген портал ұсынылды, ол ЛШТТ-ні жүргізу үдерісін автоматтандырады. Жасалатын порталды безендіру 3 негізгі элементті: негізгі ядросы ретінде қосымшалар серверін, негізгі деректер қоймасы ретінде деректер базасы серверін, пайдаланушылардың ЛШТТ порталымен өзара іс-қимылының құралы ретінде жеке кабинетті қамтиды. Қатысушылар порталды тестілеуге қатысты, есептілікке қажетті деректерді пилоттық режимде енгізіп үйренді, сондай-ақ онлайн-есептілік жүйесін жетілдіру бойынша бірқатар ұсынымдар берді.

Қоршаған ортаға бөлінетін сынап пен басқа да ауыр металдар эмиссиясын бағалау және  қоршаған ортаға бөлінетін тұрақты органикалық ластуыштар шығарындыларын бағалау бойынша сессиялар кезінде қатысушылар ЮНЕП және ЕМЕП әзірлеген халықаралық эмиссияларды бағалау әдістемелерін қарастырды.

Семинар шеңберінде айтылған ұсыныстар мен ұсынымдар Қазақстанда ЛШТТ-ні енгізу және эмиссияларды бағалау саласындағы әдістемелік қамтамасыз етуді жетілдіру кезінде ескерілетін болады.