ОҚО-да су қоймалары қалпына келтіріліп жатыр

Дереккөз: www.24.kz

e6714a591142cefbfc948343ca37b37a_l

Оңтүстік Қазақстан облысының Төлеби ауданында 12 су қоймасын қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Биыл қайта жөндеуден өткен 4 су қоймасы іске қосылды. Олардың әрқайсысында 500 мың текше метрден су сақтаулы тұр. Бұл аудандағы суармалы жерлердің көлемін 700 гектарға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Бұл су қоймасы ширек ғасырдан кейін алғаш рет суға толтырылып отыр. Ұзақ уақыт бойы қараусыз қалғандықтан, табаны қоқыс пен лайға толып қалған.

Жасар Нысанбаев, аудандық су шаруашылығы мемлекеттік мекемесінің директоры:

– 1985-1986 жылдардан бері қараусыз қалған тоғандар. Осы тоғандарды лай, ұйықтан тазаладық. Кей жерлері 10-15 метрге дейін қоқыс толып қалған. Бәрін желтоқсанға дейін тазалап, су жиналды.

Төлеби ауданында 12 су сақтау қоймасы бар. Биыл соның 2 млн текше метр су сыятын 4-еуі қайта қалпына келтіріліп, қолданысқа берілді. Оған жергілікті бюджеттен 36 млн теңге қаржы жұмсалған.

Бұқарбай Парманов, Төлеби ауданының әкімі:

– 4 су қоймасы бұрын жекешеленіп кеткен. Біз соны мемлекет меншігіне қайтарып алдық. Бүгінде біздің су қоймамызда 2 мың текше метрден аса су сақтаулы тұр. Енді таудан келетін 12 шақырымдық каналдың барлығын жөндеп жатырмыз. Жобалық-сметалық құжаттарына облыстық бюджеттен көмек беріліп жатыр 5 каналға. Жалпы ауданда 74 канал бар. Осылардың барлығын ретке келтірсек, біз 20 мың гектар жерді суландыруға қол жеткізетін боламыз.

Бұрын тек бидай егіп келген жергілікті шаруалар енді қалағанынша көкөніс егіп, табысқа кенелмек. Бастысы, судан тарықпайтын болдық деп алақандарын ысқылап отыр. Мәселен, 30 жылдан бері диқаншылықпен айналысып келе жатқан Қамытбек Үсіпбековтің 8 гектар жері бар. Бұрын су болмағандықтан, тек жоңышқа егіп тастайтын. Енді ол да картоп, қызанақ, қияр егіп, жерлестерін отандық көкөніспен қамтымақ.

Қамытбек Үсіпбеков, шаруа:

– Көкөніс ексек, жастар жұмыспен қамтылар еді. Қызылша, қияр, жүгері ексек, Кәусардың суы дайын. Оның пайдасы жоңышқа, бидайдан 4-5 есе көп.

Алдағы екі жылда тағы да 8 су қоймасы қалпына келтірілмек. Бұл аудандағы суармалы жердің көлемін 2 мың гектарға ұлғайтып, барлық ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді сумен қамтуға мүмкіндік береді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов