Астанада Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтті

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2018 жылғы 24 қыркүйекте Астанада сауда-экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Румыния үкіметаралық комиссиясының 14-ші отырысы өтіп, оған екі елдің мемлекеттік органдарының және компанияларының өкілдері қатысты.
Қазақстандық тарапты ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев басқарды.
Румыния жағын Румынияның іскерлік орта, сауда және кәсіпкерлік министрлігінің мемлекеттік хатшысы Габриела Михаэла Войциль бастады.
Кездесу барысында екі тарап сауда және экономика, энергетика, көлік, кеме жасау, ғылым, білім және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін талқылады. Отырыс қорытындысы бойынша Тараптар тиісті хаттамаға қол қойды.
2018 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан-Румыния бизнес-форумы өтті, онда екі елдің іскер топтары өкілдерінің серіктестігі үшін жаңа мүмкіндіктер мен перспективалар айқындалды.
Форум соңында Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы мен Бухарест қаласының Сауда Өнеркәсіптік палатасы арасындағы Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Румын делегациясының Астанаға сапары аясында Энергетика министрі Қ.Бозымбаевпен, Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбекпен пен Ұлттық экономика вице-министрі Р.Дәленовпен екіжақты кездесулер өтті.
Бұдан басқа, 26 қыркүйекте румыниялық делегация Алматыға барып, «Мұнай және Газ – KIOGE-2018» Қазақстандық халықаралық көрмесі мен конференциясына қатысты, сондай-ақ Алматы қаласы әкімінің орынбасары А.Мәдиевпен, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының директоры Т.Бағдатпен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Басқарма Төрағасының орынбасары Д.Әбілқайыровпен кездесті.
Румыния Қазақстан Республикасының Еуропалық Одақтағы басымдықты әріптестерінің бірі болып табылады.
Біздің елдеріміз арасындағы сауда айналымы 2017 жылы 992,3 млн. АҚШ долларын құрады. Оның негізгі бөлігі мұнай мен мұнай өнімдеріне тиесілі.