Ақтөбе облысына Ресейден асылтұқымды сиырлар әкелінді

Дереккөз: www.24.kz

Ақтөбелік шаруалар асылтұқымды малдың толайым табыс көзі екенін түсінді.

Мысалы, бір ғана «Сыбаға» бағдарламасы арқылы өңірде ірі қара саны еселеп көбейген. Жаңартылған бағдарлама бойынша жақында 75 бас «герефорд» асылтұқымды сиыры әкелінді. Шалғайдағы ағайын ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мал басын әлі де молайтпақ.

Ресейдің Пермь аймағынан етті бағыттағы асылтұқымды ірі қара әкелінді. Екі елдің климаты ұқсас болғандықтан, ерекше күтімді қажет етпейді. Шаруа қожалығының иесі Ринат Ерғалиев 2016 жылы қордан алғаш рет «Игілік» бағдарламасы арқылы 6 млн теңге жеңілдетілген несие алған.

Ринат Ерғалиев, «Қызылшоқы» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Сол 6 млн теңгеге біз 30 бас аналық сатып алдық. Бірінші алған несиеміз өте ыңғайлы болды. Біріншіден, проценті аз, мерзімі бізге қолайлы болды.

Несие алғаннан кейін, шаруаның ісі оңға басқан. Үлкен база салып, жайылым жерін кеңейткен. Малдың жем-шөбін де өздері дайындайды. Жас мал бордақылау алаңдарына тапсырылып, еті экспортқа шығарылады.

Ринат Ерғалиев, «Қызылшоқы» шаруа қожалығының жетекшісі:

– Биыл 2018 жылы «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 40 млн теңге алдық. Қазір бүкіл мал карантиннен өтіп, өз жерімізде бағылып жатыр.

Елбасы биылғы Жолдауында экспорттың әлеуетін арттыруды тапсырған еді. Осы орайда, алдағы 5 жылда еңбек өнімділігі мен экспорт көлемін 2,5 есеге дейін өсіру жоспарда.

Гүлжанат Ерғазина, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АОФ директоры:

– «Сыбаға» бағдарламасы бойынша бізде 37 шаруа қожалығы шет мемлекеттен 2000-ға жуық мал басын әкелуге несие алып отыр.

Жеңілдетілген талаптармен 15 жыл мерзімге 70 млн теңгеге дейін несие алуға болады. Тек мал емес, қажетті техника сатып алуға да мүмкіндік бар.

Бағдарлама бойынша үстеме пайыз субсидиялау жолымен 4 пайызға дейін төмендетілді.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина Болат Молдағалиев