Таласқа түскен мұнай тағдыры шешілді

Дереккөз: www.24.kz

Ресей мен Қазақстан арасында біраз таласқа түскен 142 мың тонна мұнай отандық компанияның меншігіне өтетін болды.

Бұл жөнінде бүгінгі Сенат отырысында Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, Кеңес одағы ыдырағаннан кейін «Омбы – Павлодар» мұнай құбырының 141 мың 728 тонна мұнайы Ресей аумағында қалып, осы күнге дейін оның меншігі шешілмей келді. Ақыры ұзақ келісімдерден кейін ол «Қазтрансойл» компаниясына өтетін болды. Есесіне «Туймазы – Омбы – Новосибирск-2» мұнай құбырының Қазақстан бөлігінде қалған 62 мың тонна мұнай ресейлік компанияға қайтарылады. Сенат депутаттары аталған заңды бірауыздан қолдап дауыс берді.

Қанат Бозымбаев, ҚР Энергетика министрі:

– Келісімді ратификациялау және іске асыру бұрын талас болып келген 141 728 мың тонна технологиялық мұнайға «Қазтрансойл» АҚ-ның заңды ие болуына мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздің экономикасына қосымша пайда әкеледі. Қазіргі күні технологиялық мұнай жер қойнауын пайдаланушыларға қайтарылмайды. Олар аталған мұнайды Қазақстанның мұнай өндіру зауыттарына және экспортқа жеткізуге мүмкіндік алады.