Алматы облысындағы алма бақтардың көлемі 4 мың гектарға жетеді

Дереккөз: www.24.kz

Алматы облысында алма өсіруге арналған бақтардың көлемін 4 мың гектарға жеткізу көзделуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардан алынатын өнім де қазіргіден 4 жарым есе көп болмақ. Бағбандардың мақсаты – отандық алманы шетелге шығарып, брендке айналдыру.

Көлемі 80 гектар болатын алқапта алманың 14 түрі өседі. Арасында жергілікті тұқымдары да бар, америкалықтары да бар. Жемістер тамшылатып суару әдісімен өсіріледі. Күннің ерекше ыстығы мен бұршақтардан сақтайтын арнайы торлар қойылған. Өнімдер заманауи үлгіде салынған қоймаларда сақталады. Содан кейін сауда орындарына шығарылады. Таза шырын дайындайтын қондырғылар бар. Өнімге сұраныс көп. Сондықтан келешекте шет елдерге сату жоспарланып отыр. Тағы бір жоба – аңызға айналған Алматы «апортының» даңқын қайта шығару.

Бекежан Күнтаев, жеміс өсіру компаниясы бас директорының орынбасары:

– Осыған байланысты Алматы қаласының әкімдігімен арнайы меморандумға қол қойдық. Бағдарламамызға байланысты 3 жерден бақшалық алқап бөлінді. Оған 30 мың түп «апорт» тұқымының көшетін отырғыздық.

Мына кәсіпорындағы қоймалардың барлығында температураны қадағалап тұратын жабдықтар бар. Соның арқасында жемістерді жылдап сақтауға болады. Қарқынды бақтарды бетон тіреуіштерсіз елестету мүмкін емес. Алма ағаштарының құламай тұруы және мол өнім беруі осыған байланысты. Олардың барлығы Польша мен Италиядан әкелінген.

Жетісу өңірінде алма өсірілетін қарқынды бақтардың көлемін 4 мың гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Мамандардың айтуынша, әр гектардан 52 тонна өнім алынатын болса, аймақта алма жинау қазіргіден 4,5 есе көбейеді.

Авторлары: Тілеуқабыл Мыңжасар, Қуаныш Түргенбаев.