Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясы іске қосылады

Дереккөз: www.24.kz

Жамбыл облысында Орталық Азиядағы ең ірі күн электр станциясының екінші кезеңінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Нысанды бүгін жалпы ұлттық телекөпір кезінде іске қосу жоспарланып отыр. Қазір күн сәулесінен қуат өндіретін станция аумағында қызу дайындық.

Мұндай инновациялық алпауыт жоба тек Қазақстанда емес, Орталық Азия бойынша жоқ. Аумағы 224 гектар жерді алып жатыр. Ал жылына 100 мегаватт электр қуатын өндіретін қауқары бар. Қарапайым өлшеммен айтар болсақ, бұл бір жылда 70 мың үйді, яғни бүтін бір ауданды күн сәулесінен өндірілген электр энергиямен қамтамасыз етуге жеткілікті.

Негізі жоба екі кезеңде жүзеге асырылып отыр. Алғашқы кезеңі Индустрияландыру картасының екінші бес жылдығында салынған. Ол уақытта жылдық қуаты 50 мегаватт еді. Ал екінші кезеңі іске қосылысымен қуаты екі есеге артады. Заманауи станция толықтай автоматтандырылған жүйеде жұмыс істейді. Мамандар биыл 150 миллион киловатт сағат электр энергиясын өндіруді көздеп отыр. Құрылыс жұмыстарына 300-ге тарта жұмысшы тартылды.

Арман Асылхан, жоба менеджері:

– Бұл – баламалы энергия көзінен қуат өндіретін бірегей алып станция. Экологиялық жағынан 100 пайыз таза әдіспен өндіріледі. Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ. Ауа райы қолайлы болып, күн сәулесі жақсы түскен жағдайда, тәулігіне 680 киловатт өнім өндіре алады. Бұл жоба еліміз бойынша электр энергия тапшылығын жоюға септігін тигізбек. Соның ішінде Жамбыл өңірі де бар.

Күн электр станциясы Жуалы ауданындағы Нұрлыкент ауылының маңына салынған. Тура Батыс Қытай – Батыс Еуропа автомагистралінің бойында тұр. Екінші кезеңде салынған нысанның аумағы 74 гектар жерді алып жатыр. Оған 25 миллиард теңге жұмсалыпты.

Жуалы ауданының таңдап алынуы бекер емес екен. Мына орнатылған панельдер ауа райы ысып, күн сәулесі шамадан тыс түссе, қызып, күйіп кетуі мүмкін. Сондықтан бұл жердің климаты арнайы тақтайшаларды салқындатып тұруға қолайлы көрінеді. Мамандар мұны алдын ала зерттеп, анықтаған. Сөз соңында айта кетейін, жалпы Жамбыл облысында тұтынатын электр энергияның 16 пайызы баламалы энергия көздерінен өндіріледі. Бүгінде өңірде 4 су, 3 жел және 3 күн электр станасы тұрақты жұмыс істеп тұр. 2020 жылға қарай аймақ өз қажеттілігінің 60 пайызын осындай қуат көздерінен өндіреді деген жоспар бар.

Авторы: Руслан Бақытбекұлы