Қазақстандық делегацияның Үндістанға сапары барысында екіжақты ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелері талқыланды

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2019 жылы 10-12 ақпан аралығында ҚР Энергетика министрі   Қ. Бозымбаев бастаған қазақстандық делегация құрамында Сыртқы істер министрінің орынбасары Е. Көшербаев, Инвестициялар комитеті және «Казахинвест» ұлттық компаниясы өкілдері Үндістанға іссапармен барды.

Сапар барысында делегация жаңартылатын энергия көздері, пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге арналған технологияларды дамыту және т.б. мәселелеріне арналған PETROTECH-2019 ірі халықаралық конференциясына қатысты.

«Энергияға қауіпсіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін ынтымақтастық» сессиясы барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергетикалық әлеуеті, елімізде жүргізіліп жатқан энергетикалық саланы жаңғырту туралы егжей-тегжейлі айтып берді,  сондай-ақ халықаралық инвесторларды осы салада Қазақстанмен ынтымақтасуға шақырды.

«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ірі халықаралық компаниялар үшін сенімді серіктес бола алды. Бүгін де олар мұнай-газ кен орындарын игеруге белсенді түрде инвестиция құюда. Қазіргі таңда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде біз көлік инфрақұрылымын кеңейтуге қол жеткіздік, Қазақстан әлемдік нарықтарға мұнай мен газдың жауапты жеткізушісі болып табылады.

Отандық МӨЗ жаңғырту сәтті аяқталғанын және бүгінгі күні қазақстандық мұнай өнімдері қазіргі заманғы стандарттарға сәйкес келетінін атап өткім келеді.

Сондай-ақ біз көмірсутектерді терең өңдеу өнімдерін шығару бөлігінде мұнай-газ химиясын дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Бұл салаға инвестиция тарту үшін жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі», – деп атап өтті  ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Үндістанның Мұнай және табиғи газ министрі Дармендра Прадханмен кездесу барысында.

Сондай-ақ кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың әлеуетті бағыттарын, мұнай-газ кен орындарын барлау және игеру саласындағы қазақстандық және үнді компанияларының өзара    іс-қимыл перспективаларын талқылады.

Екі елдің министрлері Қазақстан-Үндістан үкіметаралық комиссиясында және Астанада ҮАК 13-ші отырысы барысында қабылданған уағдаластықтарды орындау шеңберінде өз елдерінің төрағалары болып табылатынын атап өткен жөн, тараптар оның кезекті отырысын 2019 жылы өткізуге келісті.

Қазақстандық делегацияның үндістандық импорттаушылар   Сауда-Өнеркәсіп палатасының президенті, Үндістан өнеркәсібі Конфедерациясының және ONGC, CG Corporation, Jaypee Group, KUSUM Group, «Шимон групп», Sterling & Wilson Pvt. Ltd, J M Baxi Group, Larson & Toubro ltd және т.б., ірі компаниялардың басшыларымен келіссөздері өте нәтижелі өтті. Онда Үнді компанияларының Қазақстандағы перспективалы инвестициялық жобаларға қатысу мәселелері талқыланды.

Сапар аясында сондай-ақ «Қазақинвест» ҰК мен Үндістанның ірі энергетикалық конгломераты NTPC Limited арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Қол қойылған құжат күн электр станцияларын салу жөніндегі жобаларда тараптардың өзара іс-қимылын, сондай-ақ ҚР аумағындағы қолданыстағы көмір станцияларының жобаларына Үнді компаниясының қатысуын көздейді.

ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі