«Жеңіс» жобасы бойынша тікелей келіссөздер хаттамасына және өзара түсіністік бойынша меморандумға қол қойылды

Дереккөз: www.energo.gov.kz

2019 ж. 18 ақпанда Астана қаласында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ (бұдан әрі – ҚМГ) басқарма төрағасы Алик Айдарбековтің және «Лукойл» ЖАҚ Президенті Вагит Алекперовтің қатысуымен үш жақты кездесу өтті.

Кездесу барысында ҚР Энергетика министрлігі, ҚМГ және Лукойл арасында Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы Жеңіс теңіз жобасында бірлескен қызмет шеңберінде көмірсутектерді барлауға және өндіруге жер қойнауын пайдалану құқығын беру бойынша  тікелей келіссөздер хаттамасына және Өзара  түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Бірлескен келіссөздер шеңберінде Республиканың пайдасына қол қою бонусын төлеу және жер қойнауын пайдаланушының кадрлардағы (50%-басшылар, 80%- құрылымдық бөлімше басшылары, 90%- мамандар бойынша, 100%- білікті жұмысшылар), сондай-ақ кемінде 50% жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі бойынша міндеттемелері жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Ынтымақтастықтың келесі кезеңі – Жеңіс учаскесінде көмірсутегі шикізаттарын барлау және өндіру жұмыстары бойынша келісімшарт жасасу.

2018 ж. 5 маусымда ҚМГ және Лукойл арасында Жеңіс жобасы бойынша Қағидаттар туралы келісім жасалған болатын. Осы келісімде бірлескен барлаудың негізгі талаптары бекітілген болатын. 2018 ж. 30 қарашада компаниялар арасында Бірлескен қызмет туралы келісімге және Қаржыландыру туралы келісімге қол қойылған.

Жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің нормаларына сәйкес тікелей келіссөздер 2018 жылғы 05 ақпанда қабылданды.

ҚМГ және Лукойл жылдар бойы бірқатар бірлескен жобаларды іске асырып келе жатқан стратегиялық әріптестер болып табылады.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы отын-энергетикалық кешенін дамытудың басым міндеті – табиғи ресурстарды барлау мен өндіруге инвестицияларды көбейту, Каспий теңізінің қазақстандық секторында жобаларды іске асыру.

ҚР Энергетика министрлігінің Баспасөз қызметі