Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес жұмыстары басталды

Дереккөз: www.24.kz

Биыл еліміз бойынша шегірткеге қарсы 950 мың гектар алқап залалсыздандырылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған қажетті техника мен дәрі-дәрмек толық жеткілікті. Биыл осы жұмыстарға Үкіметтен 2,1 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. Бұл туралы Түркістан облысы Келес ауданында аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық күрес шараларын ұйымдастыруға арналған семинарда айтылды. Биыл Түркістан облысында шегірткенің таралу аумағы 3 есеге дейін қысқарған. «Оған сапалы дәрі-дәрмек пен химиялық өңдеудің және нәтижелі жұмыстың арқасында қол жеткіздік», – дейді жергілікті мамандар. Мәселен, өткен жылы облыста шегірткеге қарсы 340 мың гектар жер өңделсе, биыл 83 мың гектар алқап залалсыздандырылады деп жоспарланып отыр.

Алмабек Марс, агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары:

– Дәрі-дәрмек жетеді. Қажетті техника бар. Сондықтан ешқандай қауіп жоқ, толық күреске дайынбыз. Тек Түркістан облысында ғана емес, республика бойынша шегірткеге қарсы күрес жүргізу жоспарланып отыр.