БҚО-да 4 мың жарым гектар суармалы алқап қалпына келтірілген

Дереккөз:24.kz

Батыс Қазақстан облысында суландыру жүйесін жаңғыртып, суармалы алқаптардың аумағын арттыруда соңғы жылдары ауқымды жұмыс атқарылды.

Киров-Шежін каналын аршудың арқасында биыл Жайықтың суы Қараөзенге жеткізілсе, тағы бес нысанды қалпына келтіру нәтижесінде көлтабандар көлемі 29 мың гектарға көбейген, су барған соң 300 мың гектар жайылым игерілген. Таяу жылдары Жайық өзенінің сол жағалауына су шығару көзделген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жайық өзені арқылы жылына 10 млрд текше метр су ағып өтеді. Өңір шаруалары соның оннан бірін де пайдаланбайды. 600 млн текше метр тіршілік нәрін ұстап қалуға жоспар болғанымен, оны орындаудың өзі оңай емес. Себебі Жайықтан шығар арналар әбден тайыздап, бітеліп қалған.

Махамбет Ықсанғали , облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Көшім су каналына дейінгі 45 шақырым жерді тазалау мәселесі. Онда бұрыннан батып кеткен су нысандары, баржалар, соларды алып тастау мәселесі тұр. Бұл жұмыс қазіргі таңда жүргізіліп жатыр. Осы арқылы біздер Киров су қоймасына секундына 30-35 куб судың келуін қамтамасыз ету керек.

«Киров су қоймасы мен одан төрт тарапқа тарайтын суландыру жүйесінің тіршілік нәріне толуы осы жұмыстарға тікелей байланысты», – дейді мамандар. Сонда ғана суландыру жүйесін қалпына келмек. Соңғы жылдары атқарылған істердің арқасында өңірде 29 мың гектар көлтабанға су шыққан, 4 мың жарым гектар суармалы алқап қалпына келтірілген. Мәселен, Казталов ауданына қарасты Қайшақұдық ауылының маңында биыл мың жарым гектарға жүгері мен жоңышқа егіліпті. 

Рүстем Зұлқашев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары:

– 11 км канал Фурманов каналы тазартылды, 30 шақты қақпа жөнделді. Сол «Дөңгелек» су қоймасынан мамыр айында су берілді. Енді екінші кезеңі бар осы жобаның. Осы шаралар жақсы істеп кетіп жатса, тағы да 2400 гектардай суармалы жүйелер қалпына келтіру жоспары бар.

 Су келгесін шалғай аудандарға инвесторлардың да қызығушылығы артқан. Осы Талдыапан округінде күні бүгін 5 мың басқа арналған мал бордақылау алаңы салынып жатыр.

Андрей Попов, учаске бастығы:

– Күзге қарай құрылыс аяқталады. Жақын ауылдардағы қожалықтар мен тұрғындардан малды сатып алуды бастаймыз. Бұл бордақылау алаңның төбесі ашық болады, жан-жағына желден қорғайтын қоршаулар орнатамыз. Жұмыс жүріп кетсе кешенді кеңейту, 10-20 мың басқа жеткізу ойда бар.

Келешекте Жайықтың сол жағындағы аудандарды да суландыру жоспарланған. Қазір жоба-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп жатыр.

Махамбет Ықсанғали, облыстық табиғи ресурстар басқармасы басшысының орынбасары:

– Ақжайықтан су алып Шалқар көлі арқылы Солянка су қоймасына дейін су жеткізу. Екінші кезеңі одан Азынабай-Тайпақ каналына жеткізу, одан кейін каналын жөндеген кезде Жайық өзенінің сол жағынан 300 мың гектар жерге су шығаруға мүмкіндік пайда болады. Бұрын су жайылған жерлер, қазір үлкен каналда су болмағандықтан осы жерлер пайдаланылмай тұр.

Су – тіршілік көзі. Суландыру жүйесін жаңғырту – ауыл шаруашылығының қарқынды дамуына, осы арқылы әлеуметтің әлеуеті артуына ықпал етпек.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов