Қоршаған ортаны қорғаушы инспекторларға қару мен оққағар сауыт беріледі

Дереккөз: 24.kz

Даладағы аң мен құсқа жауыққандар көбейіп барады. Тіпті қаскүнемдер қорықшылардан да сескенбейтін болған. Биыл жануарлар дүниесін қорғаушы екі инспектор осындай браконьерлердің қолынан мерт болды

Енді осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін елімізде қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Ал жануарлар дүниесін қорғаушылар өз қызметінде қару-жарақ қолдана алады. Бұдан бөлек инспекторлар заманауи техника және байланыс құрылғыларымен қамтамасыз етіледі.

«Охотзопром» республикалық мекемесі қорғайтын алқаптың аумағы 123 млн гектар. Алайда бұл ұлан-ғайыр жердегі жануарлар мен өсімдіктерді бақылайтын инспекторлар тым аз. Мекемеге әлі 200-ге жуық қызметкер қажет. Кадр тапшылығы мен  қатаң қадағалау болмағандықтан тек  өткен жылы елімізде заңсыз аңшылық жасау бойынша 154 қылмыстық іс қозғалды. Сотқа соның тек 65%  ғана жетіп, тиісті шешім қабылданған. «Бірақ қызыл кітапқа енген аңды аяусыз атудан аянбайтын  бранконьерлер  сот үкімінен мүлдем қорықпайды» дейді мекеме мамандары.  

Бақтияр Рамазанов, «Охотзоопром» РКҚМ бас маманы:

-Бір рет емес, бірнеше рет ұсталған жайттар болып жатыр. Неге десеңіз, штрафын төлейді және де шартты мерзім дейді, соны алып кетеді болды. Егер де ол бір белгілі бір мерзімге сотталып жатқан болса ол енді ойланатын еді.

Қазіргі басты міндет – мекеме қатарын жаңа мамандарымен толықтырып, жалақыларын көтеру және заманауи техникамен қамтамасыз ету. Әсіресе байланысу мүмкіндігі 3 мың шықырымға жететін радиоқұрылғылар мен тау-таста еркін жүретін көліктер керек. Ал аң емес, адам атудан қорықпайтын қандықол қасапшылардан қорғану үшін енді инспекторларға да қару беріледі.   

Ерзат Альзаков, «Охотзоопром» РҚКМ бас директоры:

– Біз әр инспекторды оқтан қорғайтын кіимдермен қамтамасыз етеміз. Әрине олардың салмағы ауыр. Бірақ бұл ең алдымен сақтық шарасы екенін ескеру керек.  

Елімізде заңсыз аң ату оқиғалары Қызылорда және Алматы облыстарында жиі болады. Браконьерлер ақбөкендер мен қарақұйрықтарды қынадай қыруға құмар. Ал сирек кездесетін жануарларға аңшылық жасау қылмыстық іс саналатындығын ескерте кетейік.

Авторлары: Алмас Садуақас, Сержан Жұмабаев