Қазақстанда жаңа экологиялық партия құрылады

Дереккөз: inform.kz

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстанда «Табиғат» жаңа экологиялық партиясы құрылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін журналистермен болған баспасөз мәслихаты барысында белгілі эколог Мэлс Елеусізов айтты.

М.Елеусізов басқаратын «Табиғат» экологиялық одағының құрылғанына биыл 30 жыл болған.

«Мемлекет пен партия үшін басты құндылық – адам. Адам тек жайлы ортада ғана өзін бақытты, күшті, бақуатты сезінеді. Су, экологиялық таза тағам, әлеуметтік климат – барлығы қоршаған орта. Біздің партиямыздың басқаларынан айырмашылығы неде? Біздің мүддеміз ең басты құндылық – адаммен байланысты. Біздің мақсатымыз – адамға жайлы орта қалыптастыру. Парламентте қоршаған ортаның тазалығын қорғайтын бір де бір құрылым жоқ. Адамның бір күндік қажеттілігін ойламай, оның болашағын, келешегін ойлаған мемлекетке де пайдалы болмақ», – деді Мэлс Елеусізов.

«Табиғат» экологиялық одағының басшысы сыбайлас жемқорлық пен браконьерлікпен күрес – экологиялық одақтар мен бірлестіктердің бірінші кезектегі міндеті болатынын айтты.

«Адамдар баю мақсатында қоршаған ортаға нұқсан келтірсе оған қарсы күресті қатайтқан абзал», – деді Мэлс Елеусізов.