СҚО-да ормандарды қорғау шаралары қорытындыланды

Дереккөз: inform.kz

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында ормандарды қорғау шараларының нәтижесі қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, Солтүстік Қазақстандағы ормандардың жалпы санитарлық жағдайы қанағаттанарлықтай. Соған қарамастан, өткен жылдардағы орман өрттерінің салдарынан өлген, бүлінген, су басқан және кеселге ұшыраған көшеттер де баршылық.

Биыл орман зиянкестерінің ошағы анықталған жоқ. Жұмыртқа салғыштар бойынша – жұпсыз жібек құртының карантиндік зиянкестерінің ошағын анықтау үшін орман патологиялық зерттеуі жүргізілді. Мамандар тексеру нәтижесінде орман зиянкестерінің 2020 жылы шығуы мүмкін екенін анықтады.

2014 жылдан бастап жауын-шашынның толассыз түсуінен жерасты сулары көтеріліп, кейбір жерлерде орман ағаштары мен қайың-көктерек көшеттері көгермей, өліп қалған. Осындай ормандарды тексеру үшін Республикалық орман селекциялық-тұқым шаруашылығы орталығы мен Қазақ орман шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының мамандары шақырылды. 15091 гектар орман алқабын су басқаны анықталды. Олардың барлығы бақылауға алынды.

«Соколовка орман шаруашылығы» ҚМК мемлекеттік орман қоры аумағында 184 гектар алқапта жерүсті биологиялық күрес шаралары жүргізілді. Оның ішінде 25 құсқа арнап жасанды ұялар ілініп, 25 құмырсқа илеуі жасалды», – деді басқармадан.

Мамандар тексеру нәтижесі бойынша 2020 жылға санитарлық-сауықтыру шаралары қажет екенін жоспарлады.