Ақмола облысында қоқыс заңсыз тасталатын 1 жарым мыңнан астам орын бар

Дереккөз: 24.kz

Ақмола облысында 1 жарым мыңнан астам заңсыз қоқыс төгілген орын бар. Бұған жергілікті экологтар ғарыштан түсірілген фотолар арқылы көз жеткізген.

Алайда әуеден бақылау әзірге тек облыс орталығы мен елорда маңындағы 50 шақырым радиустағы аумақты ғана қамтиды. Бірақ, қолда бар деректердің өзі көңілді күпті етеді. Мәселен, Көкшетау қаласының маңайында 200-ден астам жерде күл-қоқыс шашылып жатыр. Мұндай жағдайлар тіпті жеке аулаларда да кездеседі екен. Өйткені тұрмыстық қалдықтарды қабылдайтын арнайы орындар ақылы болған соң тұрғындар қала сыртындағы ой-шұқырларға, кейде тіпті ойына келген жерлерге қоқыс төгіп кете береді. Мамандар, ондай заңбұзушылықтар бойынша жергілікті билік өкілдеріне хат жолдаған. Алайда әкімдіктегілер бұл проблеманы әзірге тек сенбіліктердің көмегімен ғана шешіп отырмыз дейді. Себебі оған арнайы қаржы қарастырылмаған. 

Нұрбек Хамитов, облыстық мемлекеттік экологиялық инспектор:

– Бұл заңсыз қоқыс орны бойынша экология департаменті облыстық және қалалық әкімдіктерге шамамен осыдан бір ай бұрын арнайы хат жолдады. Олар жыл соңына дейін бұл жердегі күл-қоқысты заңды орынға апарып тастаулары тиіс. Олай болмаған жағдайда тиісті шара қолданылады. 

Ольга Полянная, облыстық ТҮКШ және энергетика басқармасының бас маманы:

– Аудандық және қалалық әкімдіктердің берген мәліметі бойынша биыл аймақтағы 622 елді мекеннің 415-інде сенбіліктер ұйымдастырылып, нәтижесінде 174 қоқыс жиналған орын тазаланды. Ол жерлерден 160 мың текше метр күл-қоқыс шығарылған.