Экология министрі Түркістан облысында су тасқынынан кейін атқарылып жатқан жұмастармен танысты

Дереккөз – www.inform.kz

ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат – ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев жұмыс сапарымен Түркістан облысында болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрліктің Facebook парақшасына сілтеме жасап.

Сапар аясында министр Садоба су қоймасындағы апаттан кейін аймақтағы нысандарды қалыпқа келтіру және жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

«Өңірде суармалы жерлердің көлемін арттыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта жалпы ұзындығы 736 шақырым болатын 122 каналды жөндеу және қайта салу сынды ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл жұмыстарға 1500-ден адам жұмылдырылған. Тағы мыңнан астам қосымша жұмыс орындары ашылады», деп жазды министр өзінің Twitter-дегі парақшасында.

Атап өтсек, бұл ауыл-шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді сумен қамтуға арналған стратегиялық маңызға ие жұмыстар. Оның толыққанды жүзеге асырылуы облыстағы ауыл-шаруашылығы өнімдері көлемінің артуына жол ашпақ. Ауыл тұрғындары ауыз сумен қамтылады. Сондай-ақ мемлекет жекелеген көкөніс түрлері бойынша импортқа тәуелділіктен арылады.