Жаңа Экологиялық кодекс Маңғыстау экологиясын жақсартудың негізгі құралына айналады – Мағзұм Мырзағалиев

Дерек көз – gov.kz

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Маңғыстау облысына халқына жақында қабылданған экологиялық кодексті таныстырып, түсіндіру үшін арнайы барды. Өңірдегі экобелсенділер мен қоғам қайраткерлері маңызды құжаттың биоалуантүрлілікке келетін зиянды азайтуға бағытталғанын ерекше атап өтті. Өнеркәсіп кәсіпорындары жаңа заңнама бойынша қоршаған ортаған шығарындыларды азайтуға бағытталған жұмысқа белсене кірісуге дайын екендерін жеткізді.

«Биыл қабылданған жаңа экологиялық кодекс өндірісі тың дамыған Маңғыстау өңірі үшін де негізгі қажетті құжаттың бірі екені сөзсіз. Сондықтан да, онда көрсетілген талаптарды іске асыру, табиғат пайдаланушылардың және жалпы жұртшылықтың негізгі міндеті болып табылады», – деді жиынды ашқан Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымов.

Министр Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің тәжірибесін ескере отырып, халықаралық тәжірибе негізінде әзірленгенін айтты.

«Экологиялық кодекстің маңыздылығы – оның адам өмірі мен денсаулығы, қолайлы өмір сүру ортасын қамтамасыз ету, ірі және шағын бизнестің қызметін, олардың қоршаған ортаны қорғау саласындағы қызметін реттеу сияқты бүкіл қоғамның мүдделеріне әсер ететіндігінде. Кодекс Қазақстандағы, сондай-ақ Маңғыстау облысындағы экологиялық жағдайды жақсартудың негізгі құралына айналады.», – деді министр.

Вице-министр Ахметжан Пірімқұлов Кодекстің негізгі бағыттары ретінде «ластаушы төлейді және түзетеді» қағидатын іске асыру, ең озық қолжетімді технологияларды енгізу, табиғат қорғау іс-шараларына бюджет қаражатын мақсатты жұмсау, үздік халықаралық тәжірибе негізінде экологиялық талаптарды қатаңдату, мониторингтің автоматтандырылған жүйесін енгізу және өндіріс пен тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру, оның ішінде «waste to Energy» енгізу және тағы басқаларды атап өтті.

«Жаңа Экологиялық кодекске сәйкес, 2022 жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар көрсетілген барлық соманы, яғни 100% түсімді табиғатты қорғау шараларына жұмсауға тиіс. Ал ірі кәсіпорындарды экологияландыру үшін олар 10 жыл ішінде ең озық қолжетімді технологияларды енгізеді. Бұл уақытта олар эмиссия үшін төлемнен босатылады. Егер кәсіпорындар ЕОҚТ-ға көшпесе эмиссия төлемдері 2025 жылдан 2 есеге, 2028 жылдан бастап 4 есеге, 2031 жылдан 8 есееге өседі », – деді вице-министр.

Маңғыстау облыстық «Табиғи орта» аймақтың қауымдастығының кеңес төрағасы, эко-амбассадор Әділбек Қозыбақов кодекстің биоалуантүрлілікті сақтауға қосатын үлесіне тоқталды.

«Экокодексте биоалуантүрлілік түсінігі кеңінен түсіндіріледі. Сонымен бірге биоалуантүрлілікті сақтау шаралары иерархия бойынша, яғни келтіретін қауіпке қарай қарастырылады. «Табиғи орта» қауымдастығының биоресурстарды сақтау жөніндегі инспекциясы тек браконьерлікпен күресте ғана емес, бірінші дәрежелі кәсіпорындардың Кодекс талаптарын сақтаудың мемлекеттік қадағалауына да көмектесуге дайын», – деді ұйым өкілі.

Елдегі елу ірі ластаушы компаниялар қатарына кіретін «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ кодекс талабы бойынша ең озық қолжетімді технологияға көшуге дайындық жүріп жатқанын жеткізді.

«Маңғыстаумұнайгаз» елдегі экологиялық реформаларды қолдайды және экологиялық заңнаманы өзгертуге қажеттіліктің бар екенін түсінеді. Жаңа талаптарды орындау аясында 2020 жылы кәсіппорында кешенді технологиялық аудит жүргізіліп, озық қолжетімді технологияға сәйкестік бойынша сараптамалық есеп алынды. Есепте ЕОҚТ принциптеріне сай бірқатар технологиялық ұсынылды. Бізге Кешенді экологияық рұқсаттама алуға берілген уақыт ЕОҚТ-ға көшіп, халықаралық стандартқа сай жұмыс істеуге мүмкіндік береді деп ойлаймын», – деді кәсіпорын басшысы Лю Цзиньчэн.

Атап өтейік, экологиялық кодекс шеңберінде кәсіпкерлік, қылмыстық, су кодекстерінің және т.б. бірқатар заңнама нормалары қайта қаралады, сондай-ақ заң жобасын іске асыру шеңберінде 140-қа жуық нормативтік- құқықтық актілер қабылдау жоспарлануда.

Мысалы, эмиссия нормасынан асқан жағдайда кәсіпорынға салынатын айыппұл 10 есе, атмосфералық ауаны қорғау мен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау бойынша айыппұл 5 есеге өсті. Жеке тұлғаны әкімшілік жазаға тарту ұзақтығы 2 айдан 1 жылға, заңды тұлғаға 1 жылдан 3 жылға көбейді.