АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық инженер-құрылысшылардың жас буыны құрылыс сапасы мен экологияға көбірек назар аударып отыр. Бұндай пікірді бүгін елордада өтіп жатқан Инженер-геотехнитердің Азиялық жастар конференциясы аясында «ҚазАқпаратқа»  Токио университетінің профессоры Икуо Тохата айтты.

«Шынын айтсам, елдеріңізде бұл саладағы өзгерістерге таңданып отырмын. Он жыл бұрын осындаға құрылыста үлкен құлшыныс болған еді және құрылыс жұмыстары қарқынды жүрді. Ал қазіргі кезде адамдар құрылыс сапасы, қоршаған ортаны қорғау және басқа да мәселелерге көбірек алаңдап отыр. Бүгінгі конференцияда осы тақырыпта маңызды таныстырылымдар болды. Атап айтқанда, саладағы құлшыныс тәжірибеге айналып, инженерлердің жас ұрпағы құрылыстағы мәселелерге егжей-тегжейлі мән беруде. Жобалаудың және құрылыстың барша үдерісі  елеулі түрде жан-жақты өлшенген әрі ойластырылған болып отыр»,-деді ғалым.

Сонымен қатар ол Астананың бүгінгі сәулеттік көрінісі ұнайтындығын айта келе, жобалау мен ғимараттарды салу сапасын оң бағалады.

Айта кетейік, конференция мақсаты – барша Азия өңірінің жас инженер-геотехниктеріне интерактивті тұғырнаманы ұсыну, саладағы инновациялар бойынша тәжірибе алмасу, сондай-ақ құрылыс, білім және ғылымда ынтымақтастықтың перспективалы жолдарын айқындау.

Конференция жұмысына 18 елден 100-ге жуық мамандар мен ғалымдар қатысып жатыр.

Дерек көзі: www.inform.kz