Министрліктің 2021 жылғы қызметінің қорытындылары және Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk 

2021 жылғы 21 желтоқсанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Министрліктің биылғы жылғы жұмысын қорытындылап, Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шаралары туралы айтып берді.

Ведомство басшысы 4 негізгі бағытқа тоқталды: қоршаған орта сапасын жақсарту, су ресурстары, геология, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі.

Елдегі экологиялық ахуалды жақсарту үшін жаңа экологиялық кодекс қабылданды. «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы мен өңірлердегі экологиялық жағдайды жақсарту жөніндегі Жол карталары бекітілді. Кәсіпорындармен меморандумдарға қол қойылды, оларға сәйкес шығарындыларды 20%-дан 30%-ға дейін қысқарту жоспарлануда.

«9 айда қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 20,2% – ды құрады. 2020 жылдың ұқсас кезеңінде бұл үлес 15,8% құрады. Түзілген қатты тұрмыстық қалдықтар көлемін айтарлықтай азайту үшін заңнамалық деңгейде «Waste to Energy» тетігі енгізілді»,- деп атап өтті министр.

С.Брекешев қоқыс тастайтын жерлерді жою және оларды болдырмау жұмыстарын жеке атап өтті. Космомониторинг негізінде бүгінде 7,3 мыңнан астам қоқыс үйіндісі анықталды. 88% (6,6 мың) қоқыс үйінділері жойылды. Стихиялық үйінділердің пайда болуын шешу үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Атап айтқанда, қалдықтарды белгіленбеген орындарға заңсыз тастағаны үшін салынатын айыппұлдар (жеке тұлғаларға 10 АЕК-тен 50 АЕК-ке дейін) өсті.

Министр су ресурстарын басқару саласында атқарылған жұмыстардың нақты нәтижелеріне назар аударды. Атап айтқанда, министрлік су ресурстарының теңгерімін дайындады. Әкімдіктермен бірлесіп каналдарды тазалау жұмыстары жүргізілді, қосымша сорғылар орнатылды, су берудің жедел кестелері енгізілді.

«Көршілерімізбен белсенді келіссөздер жүргізу саясатының арқасында біз биыл өткен жылмен салыстырғанда көбірек су алдық. Жалпы, Сырдария өзенінің бассейні бойынша қосымша 700 млн.м3 су (2020 жылға қарағанда 106 млн. м3 артық) ала алдық. Айтпақшы, көршілеріміз өздерін шектеуге мәжбүр болды, бірақ олар бізге қажетті суды берді. Нәтижесінде біз Түркістан, Қызылорда және Жамбыл облыстарының фермерлерін суармалы сумен қамтамасыз еттік», – деді министр.

Судың өнімсіз шығынын қысқарту үшін биыл 1050 км каналды қайта жаңарту аяқталды. 78 мың га суармалы жерді айналымға енгізу үшін инфрақұрылым қалпына келтірілді. 5 жыл ішінде ұзындығы шамамен 2,3 мың км кем дегенде 120 канал қайта жаңғыртылатын болады.

Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру аясында су үнемдеу технологияларын цифрландыру және енгізу жұмыстары басталды. Таяудағы 5 жыл ішінде ұзындығы 3,3 мың км-ден асатын 212 арнаны цифрландыру жоспарда бар. Бұл шараларды іске асыру 2,2 текше шақырымға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді.

«Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін жалпы көлемі 1,7 млрд.м3 болатын 6 облыста 9 су қоймасын салу жоспарлануда.

«Биыл Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, биыл топтық су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 16 нысан іске асырылуда, оның ішінде жыл соңына дейін 8 нысан аяқталады. Бүгінде 4 нысан аяқталды»,- деді С.Брекешев.

Өз баяндамасында министр «қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсім» Ұлттық жобасын және «Еуразия» жобасын іске асыру шеңберінде жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеуді күшейту жұмыстары туралы айтты.

«Бұл жұмыстар геологиялық барлау жұмыстарының келесі кезеңдерін жүргізу және геологиялық барлауға инвестициялар тарту үшін Қазақстан аумағының перспективаларын бағалай отырып, геологиялық мазмұн карталарын жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті С.Брекешев.

Мемлекет Басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде министрлік ведомстволық бағынысты ұйымдар базасында «Қазгеоақпарат» РГАО» ЖШС және «Қазгеология» ҰК» АҚ-ны қосу арқылы Ұлттық геологиялық қызметті құру бойынша жұмыс жүргізуде. Бұл қызмет бюрократиялық рәсімдерді қысқартуға, геологиялық ақпараттың халықаралық стандарттарға сәйкес сақталуын және оның инвесторлар үшін қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Орман шаруашылығы саласында Президенттің тапсырмасы бойынша елді ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. 5 жыл ішінде 2 млрд. ағаш отырғызу жоспарлануда. Барлық өңірлерде ормандарды молықтыру мен орман өсірудің кешенді жоспарлары бекітілді. Тиісті Штаб құрылды. Биылғы жылғы ағаш отырғызу жоспары орындалды. 62 мың га алқапта 130 млн. ағаш отырғызылды.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің құрғаған түбіне сексеуіл отырғызу бойынша жеке жұмыстар жүргізілуде. Биыл егіс 100 мың га алқапта жүргізіледі, 2022-2025 жылдары жыл сайын 250 мың га алқапта жүргізіледі», – деп атап өтті ведомство басшысы.

Экологиялық туризмді дамыту мақсатында жеке инвесторлар тартылды. Іле-Алатау ұлттық паркінде визит-орталық салынып, кемпинг құрылысы басталды. Қазір бұдан басқа үш ұлттық паркте тиісті жұмыстар басталып кетті. Биологиялық және ландшафтық әртүрлілікті сақтау, қорғау мақсатында Қарағанды облысында ауданы 59 мың гектарға жуық 14-ші ұлттық парк – «Ұлытау» ұлттық паркі құрылды.

Жануарлар дүниесі саласында тұяқты жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, әсіресе киіктерді сақтау және олардың санын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 2019 жылмен салыстырғанда киіктер саны 2,5 есеге өсті. Олардың саны 2019 жылы 334 мың болса, бүгінде 842 мыңға жетті.

Браконьерлікпен күрес мақсатында ІІМ және ҰҚК бірлесіп «Ақбөкен» табиғатты қорғау акциясы өткізілуде. Алдын алу шаралары күшейтілді, киіктер мен басқа да жабайы жануарларды аулаумен айналысатын бірқатар қылмыстық топтардың қызметі тоқтатылды.

«Мемлекет басшысының жануарларға қатысты қатыгез қарым-қатынастың жиілеп кеткен фактілерін жою жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы Заң жобасы әзірленді, ол ҚР Парламенті Сенатының қарауында жатыр. Жалпы, заң жобасының нормалары қоғамда жануарларға адамгершілік қатынасты қалыптастыру үшін заңнамалық негіз жасауға мүмкіндік береді», – деп атап өтті С.Брекешев.

Балық шаруашылығын дамытуға қатысты министр балық шаруашылығына баса назар аудара отырып, Балық шаруашылығын дамытудың 10 жылға арналған бағдарламасы бекітілгенін хабарлады. Қазірдің өзінде инвестиция көлемі шамамен 182,4 млрд.теңгеге жуық соманы құрайтын, жылына 129 мың тонна балық өсіруді және 5,3 мың жұмыс орнын құратын 32 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Республикада балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірқатар заңнамалық бастамалар қабылданды. Бизнес пен балық шаруашылығы субъектілері тарапынан қабылданып жатқан шаралардың арқасында балық өсіру және балық өңдеу жобаларын жүзеге асыруға қызығушылық артып келеді. Осыған байланысты, балық өсірудің күтілетін өсімі балық өсіру шаруашылықтары мен балық өңдеу кәсіпорындарын құруға жаңа серпін береді»,- деп түйіндеді сөзін С.Брекешев.

Брифинг қорытындысы бойынша Министр журналистердің сұрақтарына жауап берді.