Бүгінгі брифингте Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтар (ЕҚТА) жүйесі жұмысының қорытындылары мен олардың биологиялық әртүрлілікті сақтаудағы маңызы туралы айтылды.
Оған Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев пен Орман және өсімдіктер әлемін өндіру және пайдалану басқармасының басшысы Азамат Абуов қатысты.
Өз сөзінде Д. Тұрғамбаев 2025 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жалпы алаңы 30,9 млн га (ел аумағының 11,37%) құрайтынын мәлімдеді. 2018 жылдан 2024 жылға дейін ЕҚТА алаңы 2,8 млн га-ға ұлғайды. Сонымен қатар, 6 ерекше қорғалатын табиғи аумақ құру жоспарда бар. Олар Арал, Жайық орманы, Ертіс жайылмасы табиғи резерваттары, Түкті ұлттық паркі, Мерке өңірлік паркі және Қызылқұм қорығы. Ал, Үстірт, Қаратау қорықтарының, Ақжайық және Иле Балхаш резерваттары аумақтарын кеңейту көзделген.
Сирек кездесетін түрлерді зерттеу және сақтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Табиғатты қорғап, кешенді жұмыс жүргізілгеннің нәтижесінде қарақұйрық, құлан мен архарлардың саны өсті.
2024 жылы Тұран жолбарысы мен Пржевальский жылқысын (Керқұлан, Кертағы) тарихи мекенінде қалпына келтіру бойынша екі үлкен жоба жүзеге асырыла бастады.
Өткен жылы күзде Іле-Балқаш резерватында арнайы торлы қоршауда өсіру үшін Нидерландыдан 2 жолбарыс әкелінді. Ресей Федерациясынан 3-4 жолбарысты алып келу күтілуде.
Сондай-ақ, Қостанай облысындағы «Алтын Дала» резерватына Прага хайуанаттар бағынан алғаш рет 7 бас Пржевальский жылқысы әкелінді. Жалпы, 2029 жылға дейін 40 бас жылқы әкелу жоспарланып отыр.
БҰҰДБ қолдауымен 2025–2035 жылдарға арналған биологиялық әртүрлілікті сақтау және тұрақты пайдалану концепциясының жобасы әзірленуде.
Экотуризмді дамыту бойынша жұмыстар жалғасуда – 2024 жылы ұлттық парктерге келушілер саны – 2,8 млн адамды құрады, (2023 жылы – 2,4 млн). Инфрақұрылым да дамып келеді – ұлттық парктерде 121 туристік маршрут, 35 экологиялық соқпақ жұмыс істейді, визит орталықтар салынды, 9 бақылап өткізу пункті автоматтандырылды, онлайн төлем жүйесі енгізілді.
Қазақстан биологиялық әртүрлілікті сақтау, экотуризмді дамыту және табиғатты қорғау саласында жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.