Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресуртар министрлігі ресми сайтында. https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo?lang=kk
Бүгін ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері ГФР Экономика және климатты қорғау Федералды министрлігінің Сыртқы экономикалық саясат департаментінің басшысы Д.Шнихельспен кездесу өткізді.
Кездесу барысында климаттық саясат, қалдықтарды қайта өңдеу, парниктік газдар шығарындыларын азайту шаралары, табиғи ресурстарды барлау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Т.Момышев Германия үкіметіне климаттың өзгеруі мәселелеріне жан-жақты қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді, GIZ-тің 2060 жылға дейін көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын әзірлеуге қосқан үлесін атап өтті.
Қазіргі уақытта стратегия жобасы пысықталды және халықаралық ұйымдарды қоса алғанда, мүдделі тараптармен жоба талқылануда.
Сонымен қатар, іс-шара аясында тараптар «Қазақстандағы қалдықтарды қайта өңдеу және циклдық экономика» қазақстан-неміс жұмыс тобының пилоттық жобасын талқылады. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі З.Сүлейменова Министрліктің 2021 жылғы 18 қазаннан бастап Тараз қаласында «Қазақстандағы циклдік экономика» жобасын іске асырып жатқан Орталық Азиядағы Германия экономикасының өкілдігіне ризашылығын білдірді. Осы жобаның мақсаты қалдықтарды басқару жүйесінің жай-күйіне талдау жүргізу, Тараз қаласындағы қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу үлесін пайыздық ұлғайту болып табылады. Осы жоба аяқталғаннан кейін қалдықтарды басқару саласында экологиялық тұжырымдама әзірленетін болады, ол жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін коммуналдық қалдықтарды басқару бағдарламасының негізі бола алады.
Сондай-ақ, кездесу барысында тараптар геологиялық-геофизикалық деректер банкін өңдеу, түсіндіру, сақтау және басқару бойынша бағдарламалық қамтамасыз етуді қолдану, геологиялық барлауға жаңа технологиялар трансферті бойынша тәжірибе алмасу бөлігінде ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді.