Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің қызметкерлері сібір елігін атқан браконерлерді құрықтады

Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің https://www.gov.kz/memleket/entities/ecogeo/documents/details/243132?directionId=14790&lang=kk

2022 жылдың 28 қаңтарында «Іле-Алатауы МҰТП» РММ Түрген филиалының инспекторлары сағат 14:00 шамасында Сібір елігін (аталық) атқан үш браконьерді ұстады. Түрген филиалының инспекторлары Е.Жылсбаев, К. Құмарбеков, Ә. Серікжан, М. Байтасов Есік орманшылығының №9 орам аумағын барлау барысында Сібір елігін бөлшектеп жатқан браконьерлердің үстінен түскен. Нәтижесінде заңсыз аң атқан Қазақстан Республикасының үш азаматы ұсталды.

Инспекторлардың айтуынша, оқиға орнында Сібір елігінің бөлшектелген еті, басы, терісі және ішек-қарыны жатқан.

Ұстау кезінде құқық бұзушылардан калибрі 7,62 Вепр-308 маркалы (нөмірі СА9615) мылтығы және нөмірсіз, қайта жасалған екі қару тәркіленді. Құқық бұзушылар Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының полиция бөліміне жеткізілді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, аталған құқық бұзушылық үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» ҚР Заңына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда аң аулауға тыйым салынған.