Қорғас өзенінің суын Қазақстан мен Қытай тарапы енді, тең пайдаланатын болады. Бүгін Сенат депутаттары екі ел үкіметі арасындағы арнайы келісімді ратификациялады.

Енді трансшекаралық өзеннің суын екі тарапқа 50/50 пайыз арақатынасында бөлу «Достық» бірлескен су торабы арқылы іске асады. Бұл су торабын да  бұған дейін еліміз аспан асты елімен бірлесіп салған. Құжат авторларының айтуынша, келісімнің  біздің тарап үшін бірқатар тиімді тұстары бар.

Мұрат Бақтиярұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Суды тиімді пайдалануға, әсіресе, біздің суармалы жерлерге тиімді пайдалануға осы келісімшарттың пайдасы өте көп. Тағы бір жақсы жері, Қазақстан осы су торабында бір ауданды электр қуатымен қамтамасыз ететін Гидроэлектр станциясын салады. Одан шыққан электр энергия тағы да айтам, бір ауданды арзан, тиімді электр энергиясымен қамти алады. Ол салынып бітті, енді іске қосылады.

Айта кетейік, алдағы уақыт су торабында тараптар селден қорғайтын плотина салуы мүмкін. Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаровтың айтуынша, қазір бұл мәселе бойынша екі ел үкіметі келіссөздер жүргізіп жатыр.