Маңғыстау облысы, Түпқараған аудандық сотында Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша, бекіре балығын заңсыз сатып алып, тасымалдаған азаматша Р-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлады аудандық соттың баспасөз қызметінен.

Сот отырысында анықталғандай, Форт-Шевченко-Ақтау тас жолында Маңғыстау облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері азаматша Р-ді тоқтатып, басқаруындағы автокөлік жүк салғышын тексергенде, жалпы салмағы 58 келі, 20 дана бекіре балығын тапқан. Сотталушы өз кінәсін толығымен мойындады.

Түпқараған аудандық сотының үкімімен ол жоғарыда көрсетілген бап негізінде кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Салмағы 58 келі бекіре балықты сатудан түскен қаражат мемлекет қазынасына құйылатын болды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Дерек көзі: inform.kz