Алматыда күз мезгілінде 20 мың қылқан жапырақты және жапырақты ағаштардың көшеттері отырғызылады. Олардың алты мыңнан астамы 10 қазанда ұйымдастырылған жалпықалалық сенбілік кезінде егілді.

 Бұл туралы бүгін Алматы қаласы Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасынан хабарлады.

Биыл көктем айларында Алматыда 18 мың ағаш көшеттері отырғызылған болатын.

Айта кетелік, ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстарын негізінен мердігерлік ұйымдар өтемақылық қалпына келтіру шаралары аясында жүзеге асырады. Яғни, өз қажеттіліктері үшін ағаш кесуге мәжбүр болған заңды тұлғалар жаңадан ағаш отырғызу жұмыстарына кеткен шығындарды бірнеше есе артық бағамен төлейді.

Мысалы, таяуда қала басшысы Бауыржан Байбек жол жиегінде өсіп тұрған бес зәулім емен ағаштарын кескен Shangrila мейрамханасының басшылығына 50 ағаш көшетін отырғызуды тапсырды. Бұл жұмыс мейрамханаға 770 мың теңгеге түсті.