Еуразиялық экономикалық одаққа мүше Қазақстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Армения зейнетақымен қамсыздандыру тұжырымдамасын аяқтауға жақындап қалды.

Нәтижесінде құжат күшіне енсе, аталған бес мемлекеттің тұрғындары кез келген елде зейнетақы қорындағы төлемдерін жоғалтпай жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болмақ. Бір сөзбен айтқанда халық еш қорықпастан, бiр елден екiншi елге барып, жұмыс істей бермек.

Ресейлік Наталья Клюшина бір жарым жылдан бері Қазақстанда еңбек етіп жүр. Астанада ағынды суларды тазартатын құрылғылар шығарумен айналысатын ресейлік компанияда коммерциялық директор қызметін атқарады. Жұмыс беруші ел зейнетақы салымдарын өз мойнына алады деген жаңалық шетелдіктерді қуантпай қоймады.

Наталья Клюшина, сату бөлімінің жетекшісі:

– Мен Қазақстанда өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп жатырмын. Осы уақытқа дейін зейнетақы салымдарын жоғалтып келдім. Өйткені Қазақстан азаматы емеспін. Ал енді барлық салымдарымды Ресейде жүріп те ала аламын. Бұл екі ел арасындағы байланысты нығайтары сөзсіз.

2018 жылдан бастап жұмыс беруші әр қызметкерінің зейнетақы қорына ай сайын 5% жарна төлеп отырады. Қалған 10%-ды жұмысшы өзі төлейді. Зейнетақы туралы заңға енгізілген бұл өзгерістерді компания басшысы оң қабылдайды.

Михаил Сагдиев, «Эколос» ЖШС басшысы:

– Менің ойымша, білікті маман тәжірибесін өзге елде тиімді пайдаланудан қорықпау керек. Мұнымен қоса, оның еңбегі бағаланып, салымдар төленсе, бұл тіпті де қуантады.

ЕАЭО аясында зейнетақымен қамсыздандыру тұжырымдамасы биылғы жылдың шiлдесiне дейiн әзiрленуi тиiс. Қазiр оған қатысты жұмыстар жүргiзiліп жатыр.

Светлана Жақыпова, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің орынбасары:

– Қазақстандықтар Ресей, Беларусь, Армения, Қырғызстанға жұмыс істеуге барып жатса, олар зейнетақы салымдарын жоғалтпайды. Ал қоныс аударған жағдайда азаматтардың салымдары қалаған елге аударылады. Кейін сол елдің заңына тиіс төленеді.

Мұндай шаралар Еуразиялық экономикалық одақ құрамындағы елдердің серіктестік аясын кеңейтеді дейді мамандар.

Авторлары: Мәншүк Мақсұтқызы, Ерлан Наурызбаев

Дерексөз: 24.kz