АСТАНА. ҚазАқпарат – Н.Назарбаев «өлген» теңізді қайта тірілткен бірден-бір тұлға. Бүгін «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс XVII Съезінде Арал балық өңдеу зауытының аға мастері Күлмариям Кемалова осылай деді.

«Біз сізбен бірге қандай ерлікке де дайынбыз. Өйткені, өлген теңізді қайта тірілткен бірден-бір тұлғасыз. Сіз Аралды екінші рет дүниеге әкелдіңіз. Мен Аралдағы балықшылар әлеуетінің өкілімін. Біздің әулеттің балық шаруашылығындағы еңбек өтілі 200 жылдан асады. Арал – бізге қасиетті атақоныс, атакәсіптің киелі шаңырағы. Бір кезде Арал теңізі бұрынғы жағасынан  100 шақырымға алыстап кеткенін баршаңыз білесіздер. Сол уакытта балықшылар Балқаш пен Каспийге көшіп, жан сауғалады. Сол кезде  атақонысты қимай, елде қалғандардың бар үміті Сіз едіңіз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!» – деді ол.

К.Кемалова ҚР Президентінің Cолтүстік Аралды құтқарудың «САРАТС» жобасын жүзеге асырғандығын, ғасыр жобасы атанған осы жұмыстың арқасында Арал қайта оралғанын, қазір су теңіздің бұрынғы жағасына  небәрі 17-ақ шақырым қалғанын атап өтті.

«Аралдан безініп кеткен жыл құстары өз мекеніне оралды. Жоғалған 23 балықтың түрі өз қалпына  келді», – деген олар балықшылардың атакәсіптеріне қайта оралғанын айтты.

 «Аса мәртебелі Елбасы! Мен жұмыс істейтін кәсіпорын қазір жылына 6 мың тонна өнім шығарады. Аралдың балығы Ресей, Грузия, Украина, Әзербайжан, Польша, Германия, Голландия, Түркия мен Данияға да жетіп жатыр. Аралмен бірге ауыл да жанданды.  Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығын  бүгінгі ауыл мүлдем басқа сипаттағы ауыл болып қарсы алуда. Ауылға газ келді, су берілді, жол салынды», – деді К.Кемалова.

Сонымен қатар ол Қазақстандағы әрбір ауылды, әрбір қаланы ҚР Президентінің атымен атауға болатынын айтып өтті.

«Себебі, бәрінің бойына қан жүгіртіп, жан бітірген сізсіз. Еліміздің толағай табыстарының барлығы да сіздің ерен еңбегіңіз», – деді ол ҚР Президентіне қарата.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2865263