АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Парламент Сенатының жалпы отырысында «1995 жылғы 20 қаңтардағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы Сарышаған сынақ полигонын пайдалану мен жалға беру шарттары және Приозерск қаласының тіршілік әрекетін қамтамасыз ету туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заңы  қабылданды.

Келісімге сәйкес, Қарағанды, Қызылорда, Жамбыл және Ақтөбе облыстарының аумағында жалпы алаңы 1 млн. гектардан астам полигон жер учаскелері жалдаудан алынады. «Хаттама бойынша жалдаудан бірқатар жер учаскелерін шығару көзделеді. Олар: түсті металды өндіру үшін Қарағанды облысындағы Жаманайбат учаскесі, Бейнеу-Жезқазған теміржолын және Самара-Шымкент автокөлік жолдарын пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Ақтөбе, Қарағанды, Қызылорда облыстарындағы жекелеген учаскелері бар. Бұдан бөлек, Қарағанды және Жамбыл облыстарындағы А-313 және А-73 халықаралық авиациялық трассаларды түзету мақсатында 711 мың 290 гектар жер жалдаудан шығарылады », – деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Оқас Сапаров.

Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жолданады.

Дерек көзі: http://inform.kz/kaz/article/2872146