АСТАНА. ҚазАқпарат – Жаңа үкіметаралық комиссия Каспий теңізінде коммерциялық негізде бекіре тұқымдас балықтарды аулауға мораторий тетіктерін даярлайды. Бұл туралы бүгін Каспий теңізінің су биологиялық ресурстары жөніндегі комиссияның 36-шы отырысы барысында Әзербайжанның  экология және табиғи ресурстар министрінің орынбасары Рауф Гаджиев мәлім етті.

Бүгінде Каспий теңізінде бекіре балықтарының жағдайы алаңдатып отырғанына тоқталған ол, Каспий жағалауы елдерінің барлық күш-жігеріне қарамастан, бұл мәселеде тиісті шешім жасау керектігін жеткізді. Сондықтан да енді ведомствоаралық комиссия үкіметаралық деңгейге өзгеретін болады.

Осы арқылы келесі кездесу жаңарған құрамда ұйымдастырылады. Оның құрамына балық шаруашылығы құрылымдары, сонымен қатар Каспий теңізі су биоресурстарын сақтау тұрғысында басқа да мемлекеттік құрылымдар енеді.

«Каспий жағалауы елдерінің үшінші саммитінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттердің коммерциялық мақсатта бекіре балықтарын аулауға мораторий жариялау шешіміне келуі бастамасын көтерді. Жаңа комиссия осы мораторийдің тетігін әзірлейді. Менің ойымша, барша Каспий жағалауы елдері осы құжатқа қол қояды, – деді Р.Гаджиев.

Оның сөзіне қарағанда, тараптар аталған уағдаластыққа қол қойған жоқ, алайда 2010 жылдан бері Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Түркіменстан және Ресей бекіре тұқымдас балықтарды аулауды доғарды.

 Дерек көзі: www.inform.kz