АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Бүгін Алматы әкімдігінде қала басшысы Бауыржан Байбектің төрағалығымен Алматының экологиясын жақсарту мәселесі бойынша қала активінің отырысы болып өтті. Оған ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, сондай-ақ, қалалық және аумақтық мемлекеттік органдардың басшылары және БАҚ өкілдері қатысты. Отырыс барысында Қанат Алдабергенұлы қалада экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында өзінің бірқатар ұсыныстарын ортаға салды.

Министрдің айтуынша, Алматыда ауаның ластануынан басқа, тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасу, өңдеу жұмыстарын ұйымдастыру да өзекті мәселеге айналған. Оларды қайта өңдеу бойынша базалық көрсеткіш 7 пайызға әлі жетпеген.

«Алматыда қоқыс өңдеуші кешендерді салу жұмыстарын күшейту қажет. Бұл жағынан сіздерде тәжірибе бар. Кезінде осы бағытта швед технологиясы бойынша жұмыс істейтін зауыт құрылды», – деді Қ. Бозымбаев.

Ол сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдарды тұрмыстық қатты қалдықтарды азайту жағын қолдауға шақырды. Өйткені, бұл экологиялық кодексте көрсетілген.

«2019 жылдан бастап, Қазақстанда алдын ала өңдеу жұмыстарынсыз, тұрмыстық қатты қалдықтарды көмуге тыйым салынады. Сондықтан, қоқыстарды сұрыптауды қазірден бастау қажет. 2017 жылдан бастап, бұл бағдарлама кезең-кезеңмен енгізіледі. Әрине, бұл жерде тұрғындар арасында қоқыстарды сұрыптау мәдениетін қалыптастыруымыз керек», – деді министр.

Бұдан басқа ол Қазақстанда жергілікті атқарушы билік органдарын экологиялық мәселелерді шешуге белсенді түрде тарту қажеттігін атап өтті. Бұл үшін қоршаған ортаның ахуалына қатысты әрбір өңір үшін өз алдына бөлек мақсаттық көрсеткіштер әзірлеу керек.

«Алматыға қойылатын талап үлкен. Сол үшін бұл бағытта бірлесе жұмыс істейік. Бұл үшін алдымен экологиялық ахуалды жақсартуға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама әзірлеп алу керек деп санаймын», – деді Қ. Бозымбаев.

Айта кетелік, Алматыда автокөліктердің көбеюі әуе бассейнінің тым ластануына әкеп соғуда. Бұл жерде автокөліктердің үлесі – 80 пайызды құрайды. Жыл сайын Алматының ауасына – 285 мың тонна зиянды қалдықтар шығарылады.

Дерек көзі: www.inform.kz