Дереккөз: www.24.kz

e450e29232f0f2550e60d616692b1b80_lОрталық Америкада орналасқан Коста-Рика Республикасы 100 пайыз энергияны жаңартылған энергия көздерінен алуға көшті. Бұл туралы ел президенті Луис Солис Орталық Америкадағы ең үлкен су электр станциясының ашылу салтанатында мәлімдеді. Бұған дейін Латын Америкасындағы бұл ел Астанада 2017 жылы өтетін EXPO көрмесіне қатысатынын мәлімдеген.

Бір шетін Тынық мұхиты, екінші жағын Кариб теңізі шайып жатқан Коста-Рикада су электр стансалар жүйесі жақсы дамыған. Оған қоса елде таудан сарқырап ағатын өзендер мен жанартау атқылайтын аймақтар да аз емес. Жағалауда ескен желде де еш тыным жоқ. Табиғаттың осы құбылыстарын Латын Америкасындағы небәрі 5 миллионға жуық халқы бар Коста-Рика билігі тиімді пайдаланып отыр. Елді электр қуатымен қамтамасыз ететін институт мамандарының мәліметінше, мемлекет өз-өзін 100 пайыз «жасыл» энергиямен қамтамасыз етуге қауқарлы.

Луис Пачеко, Коста-Риканың электр қуатымен қамтамасыз ету институтының директоры:

– Мемлекет сұранысын баламалы қуат көзімен толтыруға барынша тырысып жатырмыз. Жыл сайын электр өндіру үшін көмір мен жанармай пайдалануды қысқартудамыз. Өткен жылы 99 пайыз «жасыл» энергия тұтындық. Биыл 100 пайызға жеткізіп әлемге үлгі көрсетпекпіз. Бірақ басты мақсатымыз – рекорд жасау емес, электр өндіруде қоршаған ортаға кері әсер ететін химиялық тәсілді доғарып, табиғи жасыл экономиканы қолдану.

Мәліметтерге қарағанда, 2015 жылы Коста-Рика тұтынған қуаттың 97 пайызы баламалы энегрия көздерінен өндірілген. Оның 65 пайызы – су электр стансаларынан, 15 пайызы – желден, 13 пайызы – геотермалдық жолмен, 2 пайыздан астамы  – биомасса және күн сәулесінен алынған. Бірер күн бұрын ел президенті Орталық Америкадағы ең үлкен «Ревентазон» атты жаңа су электр стансасын іске қосты. Нысан 525 мың үйді жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы. Енді Коста-Риканың басы артық «жасыл» энергияны өзге елдерге сатуға да мүмкіндігі бар.

Луис Солис, Коста-Рика Президенті:

– Біз «жасыл» энергияны дамыту жобаларын жасап отырған жалғыз емеспіз. Алайда біздің жеткен жетістігіміз орасан зор. Жаңа рекорд орнаттық. Соңғы 83 күн бойы 100 пайыз энергия баламалы қуат көздерінен алынуда. Өткен жылы 365 күннің 250 күнінде таза «жасыл» энергияны тұтындық.

Мемлекет сұранысын «жасыл» энергиямен қамтуға Еуропа елдері де бірнеше жылдан бері талпынып келеді. Алайда нәтиже шамалы. Мамыр айында Португалия билігі сұраныстағы қуат көздерін «жасыл» энергия өндірісіне қосып, 4 күн 100 пайыз қамтамасыз ете алды. Ал Германия бір күн сұраныстағы энергияның 87 пайызын жабуға ғана қауқары жеткен. EXPO 2017 көрмесінің Комиссары Рәпіл Жошыбаевтың айтуынша, Астанада өтетін көрме баламалы энергияны дамытуда әріптестік орнатуға берік негізі болмақ . Ал оған Коста-Риканың қатысуы – үлкен жетістік.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожаев, Жадыра Джазина