Дереккөз: KAZINFORM

20170424161958

АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің басқарма басшысы Нариман Жүнісов Атырауда ұсталған 160 келілік ақсерке балығының қайда жіберілгенін айтып берді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сәуірдің 1-і күні ақсеркенің ұрғашысы ұсталған болатын. Салмағы – 160 келі. Барлығы сол балықтың тағдырына қатты алаңдады. Осы орайда сәуірдің 18-і күні ол балықтан 30 келі 600 грамм уылдырық алынды. Ол шамамен 1 миллион 200 мың дана уылдырық болады. Соның барлығын жасанды жолмен ұрықтандырғаннан кейін инкубациялық аппараттарға орналастырды. Енді, шілде айында кәдімгідей балықтарды теңізге жіберетін боламыз», – деді Жүнісов.

Оның айтуынша, бүгінде Батыс Қазақстан облысында ақсеркені өсіретін екі зауыт бар. Ағымдағы жылда ол кәсіпорындар шамамен 7 миллион ақсерке балықтарын теңізге жіберуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, осы айдың басында Атыраудағы «Амангелді» өндірістік кооперативі салмағы 160 келі болатын ақсерке балығын ұстаған болатын. Балықтың ұзындығы – 230 сантиметр. Осыдан төрт жыл бұрын аталған кооператив 300 келілік ақсеркені ұстады деген ақпарат бар.

Айта кетейік, бүгінде Каспий теңізінде балық аулауға тыйым салу мәселесі қаралып жатыр. Атырау мен Маңғыстау облыстарының әкімдіктері бұл бастаны қолдап отыр.