Дереккөз: KAZINFORM

20170425131025

АКТАУ. ҚазАқпарат – Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ақтау шекара жасағының мемлекеттік шекара бөлімшелеріне барды және жасыл технологияны қолдану арқылы шекара заставаларын электрлендіру мәселесі бойынша жұмыс істеуді тапсырды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Осылайша, аймақ әкімі «Суе» техникалық қадағалау бекетінің, «Даля» шекара заставасының, «Темір баба» шекаралық бақылау бекеті автокөлік бөлімшесі қызметімен және әскери қызметшілердің өмір сүру жағдайымен танысты. Сондай-ақ, Ералы Тоғжанов «Болашақ» және «Үстірт» шекаралық заставаларын күзететін 2018 әскери бөлімінің әскерилерімен кездесті.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Қарақия ауданының әкімдігіне,
энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына жасыл технологияны пайдалану арқылы заставалар мен бекеттерді электрлендіру мәселесін зерттеуді тапсырды.

«Суе» техникалық қадағалау бекеті мен «Үстірт» шекара заставасын жасыл технологияны пайдалану арқылы электрлендіру, электр қуатының тапшылығын жою және «Темір баба» шекара бақылау бекетінің барлық нысандарын электр тоғымен үздіксіз қамту аса маңызды», – деді Ералы Тоғжанов.

Тиісті мемлекеттік органдарға «Суе» бекетіне су тұшыту қондырғысын орнату және Қарақия ауданының Болашақ ауылына дейін қиыршық жол салу мүмкіндігін қарастыру тапсырмасы берілді.