Дереккөз: www.24.kz

2c59fbebf93948b5c2058a5514e3196e_l

Жамбыл облысында 2020 жылға қарай қарқынды алма бақтың аумағы 500 гектарға жетеді.

Қазір аймақ бағбандары бұл іске белсене кірісіп жатыр. Олар жұмысты жүргізу үшін мемлекет ұсынған жеңілдіктерді барынша пайдаланып отыр. Басым көпшілігі отбасыларымен кооперативке бірігіп, лизингке дайын бизнес құрып алған.

«Әулие-ата» ауыл шаруашылығы кооперативінің құрамына 10 отбасы біріккен. Олар 50 гектар бақты өзара бөліп жұмыс істеп отыр. Жоба «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында іске асырылды. Бағбандар 125 мың түп алма ағашын Сербиядан әкелген. Келер жылы гектарынан орта есеппен 40-50 тонна өнім алмақ.

Қазір ағаштарды агрономдар жіті бақылап отыр. Өсіп-өнгенше Польша, Сербия және украиналық мамандар басы-қасында жүреді. 25 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Қасымхан Қанаев, «Әулие-ата» кооперативінің мүшесі:

– 5 гектар бізге отбасымызға 67 миллионға айналды. Бұны 5-10 жыл ішінде лизинге алдық. 10 жыл ішінде төлеп бітіреміз. Осы 67 миллионның 40 пайызын қазір үкімет бізге субсидия ретінде қайтарып береді. Өте жақсы бизнес.

Бау тамшылатып суарылады. Ішіне сыйымдылығы 5 мың текше метрлік бассейн орнатылған. Судың бұл мөлшері бір аптаға жеткілікті. Ал, ағаштарды қолайсыз ауа райынан бұршаққа қарсы тор қорғайды. Қазір мұнда алманың 5 түрін өсіріп жатыр. Болашақта бұл жерден 2 мың тоннаға дейін жеміс сақтайтын қойма салынады. Өнімді Ресей мен Қытайға экспорттамақ. Өксікбай Оразымбетов, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры»

АҚ ОФ директоры:

– Өткен жылы облыста жалпы алаңы 100 гектарға 2 жоба іске қосылған болатын. Биыл тағы 50 гектардан 2 жоба, 100 гектар аумақты алатын бақ іске қосылып жатыр. 2 жылдың ішінде бұл жұмыстарға 2,6 миллиард теңге қаржы бағытталды.

Егер кооперативке біріксе, мемлекет ерекше қамқорлық жасайтындығы жергілікті бағбандардың ертеңгі күнге деген сенімін арттырған. Сондықтан ұжым болып жұмыс істеп, кәсіпті жандандыруға күш салып жатыр. Оның үстіне кооператив тиімділігі өнімнің өзіндік құны мен кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Қазір облыста 4 кооператив тек осы бағытта еңбектеніп жатыр. 2018 жылы тағы осындай екі жоба қолға алынбақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейлхан, Руслан Ахатіллә