Дереккөз: www.24.kz

0fc6fe93b533a22c733cde6a45cd59d3_l

Мал басын арттыра білген ауыл азаматтары техниканы лизингке де алып жатыр. Ал әр басқа берілетін субсидияға  шаруашылықтар  қой қырқу бекеттерін ашты.

Біріккен істе бірлік бар. «Аққозы» ауыл шаруашылығы кооперативінің қызметі осы тәмсілдің дұрыстығын растай түседі. Екі жыл бұрын құрылғанда оған 50 отбасы мүше болса, бүгінде олардың қатары 68-ге дейін жетті. Мемлекеттік қолдау бойынша берілген 3 млн 618 мың теңгеге 200 сиыр алынды. Екі жылда тиянақты жұмыс атқарылып, шаруашылықтағы мал саны да артты. Бүгінде 630 бас ірі қара бар. Шаруашылықта 10 адам еңбек етеді. Мал азығын әзірлеуге қажет техника да жетерлік. Ең бастысы кооператив сиыр басына берілген субсидияны ұтымды пайдаланып, ауылда қой қырқу бекетін ашты.

Серікқали  Нұрәділов,  кооператив жетекшісі:

  – 4 қой қырқушы күніне 200 бас қой шығарады. Алдағы күзгі қырқымда 6 қой қырқушы аламыз деп отырмыз. Сосын осы ауылда 4 мыңдай қой бар, соның 3 мыңдайын қырқамыз.

Қоныс Мұқанов, Аққозы ауылдық округінің әкімі:

– Қой қырқым жұмыстары жүріп жатыр. Басқа да шаруа қожалықтары еңбекақысын төлеп отыр, бұл енді бір жағынан ауыл үшін тазалыққа жақсы, жүнді шашып тастамай, жинап жүреді. Ертең престеп, келісімшарт бойынша Орал немесе Атырау қаласына өткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен бірге тері өнімдерін, қойдың, ірі қараның терілерін жинап, тұздап, сапасына сай етіп жинауды көздеп отырмыз.

Биылғы Жолдауында да Елбасы ауыл шаруашылығына аса мән берді. «Саланы экономиканың драйверіне айналдыруды тапсырды», – деді арнайы ұйымдастырылған семинарда сала мамандары. Расымен де бүгінде шаруашылықтар аудан халқын азық-түлікпен қамтып қана қоймай, негізгі жұмыс берушіге де айналып отыр. Бұл агроқұрылымдарды жүйелі қолдаудың нәтижесі.

Нұрболат Мақашев,  ҚР АШМ департамент директорының орынбасары:

– Үкімет тарапынан бүкіл мемлекеттік қолдаулар көрсетілген, атап айтар болсақ, ет, сүт, тағы басқа өнімдердің көлемдеріне субсидия беру көзделген және де сатып алған техника бағасының 50 пайызына дейін төлеп беру жеңілдігі көрсетілген.

Семинар-кеңесте министрлік өкілі ауыл тұрғындарының сұрақтарына жауап қатты. Сондай-ақ ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған мүмкіндіктерді жан-жақты түсіндірді.

Авторлары: Серік-Ибраһим Орынбек, Серік Қоңырбаев