Дереккөз: www.24.kz

123

Биыл Астанада көгалдандыру аумағы біршама артып, 170 мың шаршы метрге дейін жетті. Сала мамандары ЭКСПО көрмесінің қарсаңында елорданы абаттандыру үшін барын салып жатыр. Бұрын-соңды болмаған экспозициялар көшелерге көрік беріп тұр. Басты мақсат – елорданың ажарын ашып, алыс-жақыннан ағылған қонақтарды қайран қалдыру.

Шырайгүл, ценирария, барқыт гүлі және раушандар. Биыл Астананың көшелері мен саябақтарының көркін келтіретін гүлдер осы. ЭКСПО көрмесіне қатысуға келетін қонақтардың таңдайын қақтырып, қыздыру үшін сала мамандары тек гүлзар жасап қана қоймай, таңғажайып экспозициялар ойлап тауып жатыр.

Дариға Ташенова, тілші:

-Аңқыған жұпар иісті гүлдерден әзірленген мынадай көрініс кез келген адамды таң қалдырады. Жақында қаламызда 90-ға жуық осындай композиция пайда болады. Ал оны күзге дейін баптап күту үшін көгалдандыру қызметінің 70-ке жуық қызметкері жұмылдырылады.

Әлемнің 100-деген елінен келетін азаматтарды еліміздің тарихымен таныстыру үшін дизайнерлер ұлттық нақыштағы көріністерді дайындады.

Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басшысының орынбасары:

-Биыл қалаға басқа халықтар келетін болғандықтан, өзіміздің дәстүрімізді көрсету үшін жақсы қазақтың қыздарын шығарып жатырмыз. Өзіміздің қазақтың аспаптарын шығарып жатырмыз .Енді бір-екі күнде қобыз, домбыраларды қаланың бұрыштарынан көре аласыздар.

Бір шаршы метрде бой көтерген экспозицияның әрқайсысын әзірлеу үшін 2 мың дана гүл қажет болды. Ол үшін мамандар өз жұмысын әдеттегіден ерте бастап кетті. Егер бұрын бір жылдық гүлдерге басымдық берлісе, биыл шаһар аумағына  көп жылдық өсімдіктер отырғызыла бастады.

Бибігүл Бектемісова, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ басшысының орынбасары:

-Қала биыл үлкен мереке өткізеді. Біздің де үлесіміз болсын деп қолдан келетін істерді көрсету үшін көктем шықпай жатып іске кірісіп кеттік. Сондықтан да мына істеп жатқан жұмыстарымыз бір ай бұрын ағашы жоқ көше еді. Енді өздеріне орын тауып, жасыл желекке айналды.

Осындай еңбекті атқару үшін 2 мыңға жуық жұмысшы екі қолға бір күрек тауып, маңдай терін төгіп жатыр. Бұл жұмыстың нәтижесі де жоқ емес. Қала саябақтарын аралап жүрген халықтың пікірінше, айналадағы көрініс демалып, тынығуға серпін береді.

Осы жазда төрткүл дүние еліміздің бас қаласы Астанаға көз тігіп отыр. Жұртшылықтың көңілінен шығу үшін мамандар аянбай еңбек етуден бас тартпайды. Сол себепті  абаттандыру жұмыстары қоңыр күз түскенше жалғасады.

Авторлары: Дариға Ташенова, Дәурен Үмбетәлиев