Дереккөз: www.24.kz

123

Су, жылу үнемдейтін қондырғылар, баламалы электр қуатын өндіретін құрылғылар. Бүгін ашылған Финляндия ұлттық павильонында осындай жаңа технология жетістіктері жұртшылық назарына ұсынылды.

Алматылық Нұрбек Сайднасим Финляндия елінде инженер-энергетик мамандығы бойынша білім алып жатыр. Екі жылдың ішінде көп жайтқа қаныққаны байқалады. «Заманауи технологияны игеруде Финляндия көп елден озық», – дейді студент.

Нұрбек Сайднасим, Финляндия университетінің студенті:

– Финляндия энергиясы соншама дамыған. Олар қоқыстың 90 пайызын жаңадан өңдеп, олардан энергия шығарады. «Ақылды қала» секторындағы ең мықты экспонат Финляндияның жылу алмастырғыш болып саналады. Жылу алмастырғыштың ерекшелігі – ол тек қана 1 кВт/сағат электр энергиясынан 5 кВт/сағат жылу энергиясын өндіре алады.

Финдер «Әлемдегі ең «жасыл ел» – біздің мемлекет» деп мақтанышпен айтады. Ел аумағының 70 пайызын орман алқаптары алып жатыр. Павильонды да қарағайдан салып, ауа тазартатын табиғи мүкпен қаптауы «жасыл экономикаға» жақын екендіктерін білдірсе керек.

Севери Кейнала, Финляндия павильонының Ұлттық комиссары:

– Павильонның архитектурасы табиғи заттардан жасалған. Бұл жерде 90 градуспен өлшенетін бұрыштар жоқ, яғни бәрі табиғаттағы секілді қалыпқа бағынбайды. Мұндағы 4 бөліктің барлығы да энергиямен байланысты. Мысалы, біз оқу-білімді адамдар үшін таза әрі сарқылмайтын энергия деп білеміз.

Көрмеге келгендердің көңілін көтеру үшін фин музыканттары көпшілік алдында өз өнерлерін көрсетті. Ал өнертапқыштыққа, техникаға жаны жақындары технологиялық жабдықтарды аралап көрді.

Юрий Белкин, Мәскеулік турист:

– Мұнда баламалы энергетика, жаңа технология кең көлемде көрсетілген. Мен сияқты мамандар бұл жерден өздеріне қажет, пайдалы дүниелерді таба алады.

Ал финляндиялық делегация өкілдері, қазақстандық әріптестерімен іскерлік байланыс орнатуға мүдделі екендіктерін білдірді.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ерзат Зайытхан