Дереккөз: www.24.kz

2bccc478933ab6fb229a5899a7e4eea6_l

55 градусқа дейінгі аптапта өрісте жайыла алатын аша тұяқтының еті де мол.

Қойдың бұл түрі долан деп аталады. Түрі де, дене бітімі де ерекше. Ыстыққа өте төзімді келеді. Жануар үлкен құлақтары арқылы салқындалады екен. Ал жүні жартылай биязы. Шаруа бастапқыда Еділбай қойымен будандастырып көрген. Нәтижесін өзі айтып берді.

Жалал Худайбердиев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Өткенде 8 айлық бір қошқарымыз 48 келі ет берді. Демек біздің қожалықта болашақ бар.

Қойдың тұратын қорасы да ерекше. Ағашпен еденделген. Қи қуыстан төмен түсіп кетеді. Жұмысшылар көң ойып, астын тазалап әуреленбейді. Ал жыл соңында жиналған қиды тыңайтқыш шығаратын кәсіпорындарға келісін 100 теңгеден саудалайды.

Бауыржан Жолыбаев, жұмысшы:

– Жұмысымыз осы. Шұңқыр жасадық. Жылына бір рет тазалаймыз. Одан кейін 450 бас қойдың өзін 3-ақ адам қарап отырмыз.

Меркі ауданындағы кешенді шаруақожалық негізінен ет өндіру бағытында жұмыс істейді. Мұнда төрт түліктің басым бөлігі асылтұқымды. Жақында маңайдағы 20 шаруа бірігіп кооперация құрды. Мал сою алаңын салып, мемлекеттен тиісті қолдау көріп отыр.

Жалал Худайбердиев, шаруа қожалығының төрағасы:

– Әрбір бұқаны сойғанда 20 мың теңгеден Үкімет көмектесіп жатыр. Ол 20 мың теңгеге жеміміз бар, шөбіміз бар. 102 бас болғанда, 6 айда 2 миллион 40 мың теңге алып жатырмыз. Жылына екі рет ауыстырып жатырмыз.

Жалпы, аймақта ет бағыты бойынша өсім байқалады. Бүгінгі күнге дейін Иранға 28 тонна мұздатылған ет экспортқа шығарылған. Сондай-ақ жуырда осы елге тағы 24 тонна қой тірідей жөнелтілді.

Кәрім Көкірекбаев, облыс әкімі:

– Жамбыл облысында үш ет комбинаты соғылып отыр. Оның ең үлкені – 2,5 млрд теңгеге Тараз қаласының жанындағы халал ет комбинаты. Бұл комбинат қазір Кувейт, Араб Әмірліктері, Иранмен келісімшартқа қол қойып, етті қоямыз деп отырмыз.

Айта кету керек, өңірде бүгінде 390 мың бас ірі қара, 105 мың бас жылқы, үш миллионнан астам қой мен ешкі бар. Мал басын одан әрі көбейтіп, өнімді тиімді пайдалану үшін кооперацияға бірігу ісі қарқын алған. Қазір облыста 120 кооперация жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә