Дереккөз: www.24.kz

ЕХРО – өз жобаңды күллі әлем назарына ұсына алатын үлкен алаң.

Германияның жас стартапшылары осы мүмкіндікті тиімді пайдаланып отыр. Олар халықаралық мамандандырылған көрмеде электромобильді қуаттандыратын «ақылды» жүйені таныстырды. Компания жетекшісі Никлас Ширмердің айтуынша, бұл инновациялық жоба шараға келушілерді, энергетика саласындағы мамандарды да ерекше қызықтырып отыр. Енді ЕХРО арқылы немістің өнертапқыштары жаңа әріптестерін іздестіріп жатыр.

Никлас Ширмер, «Ubitricity» компаниясының жетекшісі:

– Біздің компания электромобильді қуаттандыратын қолайлы жүйені ойлап тапты. Жүйе шоғырсым тартылған кез келген желіні энергия көзі ретінде қолдана алады. Арнайы розетканы шам бағанасына орнатсаңыз да жетіп жатыр. Жобамызды ЕХРО халықаралық көрмесінде ұсынғанымызға қуаныштымыз. Германия павильонында жаңа технологиямызды таныстыруға толық мүмкіндік жасалып отыр. Білуімізше, Астанада әзірше электромобильдер аз. Бірақ болашақта бас шаһардың заманауи қалаға айналатынын ескерсек, бұл өнертабыс күнделікті өмірде үлкен сұранысқа ие болуы мүмкін.