Дереккөз: www.24.kz

Шығыс Қазақстанда жыл басынан бері 1100 өрт оқиғасы тіркелді.

Оның 800-і жер үйлерде тұтанған. Әсіресе Семей мен Өскемен қалаларында осындай оқиғалар жиі қайталанған. Осындай қауіп-қатердің алдын алу мақсатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері «Қауіпсіз оқу жылы» акциясын бастады. Жылу маусымы алдында олар мектептерге барып, бастауыш сынып оқушыларына арнайы нұсқаулық жазылған дәптер қаптамасын таратты. Осы мазмұндас 50 мың тысқап әзірленіпті. Оқушыларға қауіпсіздік ережесін өрт сөндірушінің өзі келіп түсіндіруі ерекше әсер қалдырды. Ең бастысы енді балалар «101» және «112» нөмірін жатқа білетін болады.

Жазира Аманғалиқызы, ШҚО ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы:

– Жалпы жиыны 50 мың данадай дәптер қабы әзірленді. Оның сыртында құтқару телефоны, өрт сөндіру қызметі телефоны және ШҚО ТЖД балалар арналған «Спасательный круг» деген парақшасы бар арнайы ақпарат та осында берілген.

Шырай Қинаятова, оқушы:

  – Маған бұл сыйлық ұнады. Бүгін бізге өрт сөндіруші қонаққа келді. Өртеніп жатқан бір үйді көрсең, өрт сөндірушіге хабарласу керек.