Дереккөз:  www.24.kz

Атырау облысында күзгі балық аулау маусымы басталды. Осыған орай балық қорғау инспекциясы да бақылау шараларын күшейтті. Арнайы рейдтік тексеруге шыққан инспекторлар заңсыз құрылған ауларды сүзіп, браконьерлердің су көліктерін айып тұрағына алып кетті.

Күріштің арқасында күрмектің су ішетіндей балық аулау маусымы басталған тұста браконьерлер де құтырып кетеді. Өткен сегіз айдың ішінде заңсыз балық аулаушыларға 15 млн теңгеге жуық айыппұл салынған.

Арман Молдашев, орман шаруашылығы және жануарлар әлемі иснпекциясы басшысының орынбасары:

– Жайық өзенінің бойынан облыс бойынша 2023 дана иесіз ау құралдары тәркіленді, яғни сүзіп судан шығарылды. 706 әкімшілік хаттама толтырылып, оның өрескел сипаттағы 206-і хаттамасы сотқа жолданды.

Су жәндіктерінің уылдырық шашу және балық аулау маусымы кезінде табиғат қорғау мекемелері біріккен іс-қимылға көшеді. Сондай мекемелердің бірі «Ақжайық» табиғи резерватының иинспекторлары да браконьерлерге қарсы тосқауылды күшейтті.

Арман Құрманбаев, «Ақжайық» МТР директоры:

– Балық қорғау инспекциясымен бірігіп, Жайық өзенінің Каспий теңізіне құятын сағаларының барлығына жылжымалы бекеттер орнаттық. Енді өндірістік кооперативтерге тіркелмеген, заңды құжаты жоқ су көліктері ашық теңізге шығарылмайды. 

Балық қорғау инспекциясы енді ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті, ІІД су полициясы секілді құзырлы органдармен де біріккен тексеру рейдтерін өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы Жайық өзені мен Каспий теңізіндегі заңсыз балық аулаушыларға қарсы күрес жаз-күз маусымында ғана емес, қыстың күні де жалғасатын болады.

Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов