Дереккөз: www.24.kz

Маңғыстау облысындағы «Қошқар ата» қалдық қоймасын қалпына келтіруге ел қазынасынан 17,5 млрд теңге бөлінеді. Келер жылдан бастап жұмсалатын қаражат төрт жылда игерілмек.

Алдымен жол салынады. Мұнан соң қоймаға кәріздік тазарту құрылғысынан шығатын суды жеткізу үшін арықтар қазылады. Сондай-ақ полигонның ең қауіпті бөлігіне құм төселеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары Мұнайлы ауданына арнайы барып, қажетті сынамалар алған. Нәтижесінде техногендік қалдықтар көмілген қойманы қалпына келтіруді ұйғарды. Басқұдық ауылындағы экологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында полигонның оңтүстік бөлігіне сексеуіл көшеттері егіліп жатыр. Жалпы аумағы 8 гектардан асатын жасыл желек улы көлден ұшып келетін шаң-тозаңға тосқауыл болмақ.

Серік Сағынбаев, өңірлік табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы:

– Экспериментальды түрде 8,2 гектар жерге сексеуіл тұқымдарын егу жоспарланған. Себебі ол жер – сор жер. Елді мекенге әсерін азайту үшін сол жұмыстар басталған болатын. Бүгінгі таңда сол қорғаныш жақсы көтеріліп, сексеуіл өсіп бастады. Соған байланысты осы жылы 30 га жерде жұмыс жалғасын тапты. Облыстық бюджеттен қаражат бөлініп, ұзындығы 3 км, ені жобамен 80-100 метрлік жасыл қорғаныш аймағы жасалып басталды.