Будущие аграрии и животноводы посетили агрофирму «Родина»

Дереккөз: : www.24.kz

Елімізде жыл сайын ауыл шаруашылығы саласы бойынша білім алған мыңдаған студент жоғарғы оқу орнын тәмамдайды.

Алайда олардың барлығы бірдей мамандығына сай жұмыс істемейді. Мамандардың айтуынша, бұған жастардың аграрлық салаға деген сенімсіздігі себеп. Бұл жаңсақ пікір екенін дәлеледеу үшін, бүгін Аграрлық несие корпорациясы бір топ студентті ірі шаруа қожалығының жұмысымен таныстырды.

Шаттанайым Айжанова – Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің 4 курс студенті. Мамандығы – Азық түлік өнімдерінің технологиясын игерумен байланысты. Оның айтуынша, қазіргі оқуы көңілінен шығады. «Сондықтан өмірлік қызметімді осы саладан табамын», – дейді болашақ маман.

Шаттанайым Айжанова, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің студенті:

– Осы мамандық, осы сала Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Осындай үлкен жетістікке жеткен зауыттарда тәжірибе жүргізген жақсы әсер береді.

Бүгін агротехникалық университеттің 50-ге жуық студенті еліміздегі ірі шаруа қожалықтардың бірі «Родина» ЖШС жұмысымен танысты. Айта кетейік, бұл агрофирма Астана маңындағы елді мекендерді азық-түлікпен қамтамасыз етіп отыр. Болашақ мамандар сүт өндірісінің және ірі қара шаруашылығының қыр-сырына қанықты. Студенттердің теориялық білімді іс жүзінде байқауына Аграрлық несие корпорациясы ұйытқы болды.

Ерлан Қарабаев, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиал директорының орынбасары:

– Жыл сайын агротехника бойынша білім алған мыңдаған шәкірт жоғарғы оқу орнын тәмамдайды. Алайда олардың барлығы ауылда бизнесті өркендетуге болатынына сенбейді. Сондықтан негізгі мақсатымыз – агросектордың еліміздегі болашағы бар бағыттардың бірі екенін студенттерге көрсету еді. Ол үшін біз «Родинаны» таңдадық.

Корпорация мен Қазақ агротехникалық университеті бірнеше жылдан бері бірлесіп жұмыс істеп келеді. Мәселен, осыған дейін жоғарғы оқу орны қабырғасында ісі өрге басқан фермерлер арнайы дәріс оқып, тіпті оқу бітірген бірнеше студентті жұмысқа алған еді. Болашақта корпорация университетпен арадағы ынтымақтастықты одан әрі нығайта түспек.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Ербол Дайыров