Сельхозкооперация активно развивается в Костанайской области

Дереккөз: www.24.kz

Ұжымдасқанның ұтары көп.

Қостанай облысында биыл ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін 17-ге жеткізу жоспары  артығымен орындалды.

Қазіргі таңда өңірде ет, сүт өндіретін 27 жеке шаруа бірлестігі жұмыс істеп тұр. Бүгінде тұрғындар мал басын көбейтіп, тұрмысы түзеліп келеді. Сапабек Жабағиннің қорасы бір жыл бұрын қаңырап бос тұратын. Қазір жеті сауын сиыры бар. Ол ауылда кооператив ашылғанда ең бірінші болып кірді. Үйін кепілге қойып, 1 млн 400 мың теңге несие рәсімдеді. Бұл қаражаттың бәрін мал сатып алуға жұмсады. Бағдарламамен берілген несиенің шарты шаруа үшін тиімді.

Сапабек Жабағин, «Александров» АӨК мүшесі:

– Мұның ыңғайлы жері, 6%-бен беріледі. Өте төмен баға. Мысалы, 2 жыл демалыс бар. Бұл мал басын көбейтуге, жеке шаруашылық ашып кетуге көп көмек береді.

Сапабек Жабағин тіркелген «Александров» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі бүгінде Қостанай ауданының төрт ауылын қамтып отыр. 25 мүшесі бар. Олар бұрынғыдай «сүтті қайда тапсырамыз?» деп алаңдамайды. Литрін 90 теңгеден өткізеді. Осындай тиімділігін көрген тұрғындар бірігуге ынталы.

Абай Сейдахметов, Александров ауылының әкімі:

– Жалпы несие рәсімдеуге 25 мүшеге 73 млн бөлінді. 246 бас ірі қара алынды. Мұның мақсаты – халықты жұмыспен қамту. Биыл көп бірінші рет мал ұстап, осы мал шаруашылығын көріп жатыр.

«Александров» – Қостанай ауданында құрылған алғашқы кооператив. Қазір тағы осындай екі ұжым ашылды. Ал облыс бойынша келер жылы 17 бірлестік ашу жоспарланған.  Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек Мұхамедьяров