Специалисты минсельхоза проводят семинары для представителей сельхозкооперативов ЗКО

Дереккөз: www.24.kz

Елімізде құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтеріне мемлекет тарапынан нақты қолдаулар көрсетіліп келеді.

Мәселен, Батыс Қазақстан облысының аумағында осындай 180 бірлестік бар. Соның 42-сі биыл құрылған. Қазір министрлік мамандары кооперация төрағалары мен мүшелеріне арнап, арнайы оқыту семинарларын жүйелі түрде ұйымдастыруға кірісті. Шағын шаруа қожалықтарының басшылары ауылдастарымен бірлесіп, мал басын бордақылауға, сүт және сүт өнімдерін жинауға, дәнді-дақылдар мен көкөніс түрлерін өсіруге мүмкіндік алды. Сонымен қатар ет пен сүт өнімдерін қайта өңдейтін өндірістік желілерді іске қоспақшы. Теректі ауданына қарасты Покатилов елді мекенінде 7 шаруашылық пен 13 ауыл тұрғыны бірігіп, автоматтандырылған сүт қабылдау бекетін сатып алды. Енді сатылған сүттің әр литрі үшін оларға мемлекет тарапынан 10 теңге көлемінде субсидия төленеді. Жалпы биыл аймақтағы ауылдық кооперативтерді субсидия есебінен қолдау мақсатында 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Сонымен қатар Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан бағытталған 1 млрд теңге жаңадан құрылған бірлестіктерді қолдауға жұмсалады.

Медет Ғабдырахымов, Покатилов ауылының тұрғыны:

– Бұрын біз сүтімізді, майды Оралға тасып, басқа да өнімдерді жасап тапсыратын еді. Ол қиын, жолақысы бар. Қазіргі кезде осы пунктке тапсырамыз сүтімізді, ақшасы да жақсы, ауыл тұрғындарына бірталай көмек болды.

Нұрболат Мақашев, ҚР АШМ департамент директорының орынбасары: 

– Енді ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың себебі, ауылдық елді мекендерде көптеген адамдар жұмыссыз отыр. Осы ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту мақсатында. Екіншіден, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктелуі өте төмен. Енді осы кәсіпорындардың жүктелуін арттыру мақсатында ауыл шаруашылығы кооперативтерінің рөлі өте ерекше.