В Казахстане ведутся активные работы по ликвидации бесхозных опасных отходов

Дереккөз: www.energo.gov.kz

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында бірқатар тау-кен өндіруші және өңдеуші салалардағы, әскери мақсаттағы кәсіпорындар, колхоздар мен совхоздар, агрохимиялық препараттарды сақтау қоймалары жойылды. Ондағы жер учаскелерінің аумақтары адам өміріне қауіп төндіретін концентрацияларда радиоактивті, биологиялық және химиялық заттармен ластанды. Қазіргі таңда аталмыш нысандарды сот иесіз деп таныған, атап айтқанда жоғарыда аталғандардың қызметінің нәтижесінде пайда болған қалдықтар.

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес  – «Иесіз қауіпті қалдықтар сот шешімімен республикалық меншікке түседі. Иесіз қауіпті қалдықтарды басқару тәртібін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган бекітеді. Осы қалдықтарды басқаруды қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның ведомстволық бағынысты ұйымы жүзеге асырады.».Ал Қазақстандағы мұндайұйымды «Сот шешімімен республикалық меншікке түсті деп танылған иесіз қауіпті қалдықтарды басқару қағидаларын» (Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 229 бұйрығы, бұдан әрі – Қағидалар) бекіткен Энергетика министрлігі айқындады.

Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның осы қалдықтарды басқаратын ведомстволық бағынысты ұйымы «Жасыл даму» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) болып табылады, ол ҚР Үкіметінің 26.07.2012 жылғы № 978 қаулысының негізінде «Қазақ экология және климатты ғылыми-зерттеу институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорнын қайта құру жолымен құрылған.

Қағидаларға сәйкес:

  • қалдықтарды басқару – бұл қалдықтарды бағалау, есепке алу, әрі қарай пайдалану мен сату, кәдеге жарату және жою бойынша қызмет;
  • бағалау – Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
  • қалдықтар заңды және жеке тұлғаларға бағалау құнынан төмен емес бағада ашық конкурс өткізу арқылы сатылады.

Бүгінгі күні Ақтөбе (Алға қ. бұрынғы Киров атындағы химиялық зауыттың қалдықтары), Маңғыстау (бұрынғы «Күкірт қышқылы зауытының» қалдықтары, ҚошқарАта қалдыққоймасындағы радиоактивті қалдықтар,Жаңаөзен қ. мұнай қалдықтары), Павлодар (Ленинск кент. улы химикаттар), Қарағанды (Теміртау қ. «ТЭМК» АҚ аумағында сақтауда жатқан құрамында сынап бар қалдықтар, «Дарьял-У» нысанындағы құрамында ПХД бар қалдықтар), Қостанай (Тургеневка а. Тоғызақ кент. улы химикаттар, Рудный қ. орналасқан құрамында мұнай қалдықтары бар қалдықтар), Ақмола (Атбасар қ. фосфогипс, Державинск қ. мұнаймен, мазутпен ластанған топырақ) облыстары бойынша сот шешімдері бар.

          2014 жылдан бастап мынадай жұмыстар орындалды:

– Ақтөбе облысы бойынша – бұрынғы Киров атындағы Алға химиялық зауытының аумағында орналасқан қауіпті қалдықтар тексерілді және сұранысқа ие емес деп танылды, қазіргі уақытта қалдықтарды жоюға арналған жобалық-сметалық құжаттама әзірлену үстінде;

– Қарағанды облысы бойынша –Теміртау қ. «ТЭМК»  АҚ аумағында орналасқан сынап бар қалдықтар тексерілді және сатылды, олардан түскен қаражат республикалық бюджетке аударылды;

– Қостанай облысы бойынша – Тоғызақ кент. ауыл шаруашылық химиялары қоймаларының бұзылуы нәтижесінде пайда болған ластанулар жойылды. Аумақ қауіпті қалдықтардан тазартылды;

– Маңғыстау облысы бойынша Жаңаөзен қ. мұнай қалдықтары сатылды,олардан түскен қаражат республикалық бюджетке аударылды.

 2018 жылы Қарағанды, Қостанай және Маңғыстау облыстарындағы жұмыстарды жалғастыру жоспарлануда.

Осылайша, Республикамызда аумақтарды қауіпті «тарихи» ластанулардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.