Арал теңізі күні аталып өтті

Дереккөз: www.24.kz

Арал теңізінің шығыс жағалауы мен елді мекендер маңынан «жасыл белдеу» жасалып, жабайы жануарларды оңалту орталығы ашылады.

Сондай-ақ «Арал» ғылыми-туристік орталығы жұмысын бастап, табиғи ресурстарды бақылау күшейеді. Бұл жөнінде Халықаралық Аралды құтқару қорының 25 жылдығы және Арал теңізі күніне арналған шарада айтылды. Мерекелік жиында экологиялық апат пен теңіздің қайта оралуына арналған «Жоқтау… Жиырма жыл өткенде» деректі фильмі мен «Арал – ел тағдыры» атты фотокөрме ұсынылды. Теңіздің тірілуі аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін тигізді. Мәселен, 15 жылда Арал ауданында балық аулау көлемі 83 есеге артып отыр. Бұрын теңізде тіршілік ететін балық түрі жетеу ғана болса, өткен жылы бұл көрсеткіш 22-ге дейін артты. Қазір облыс бойынша жылдық қуаттылығы 11 мың тоннадан асатын 8 кәсіпорын су маржанын өңдеумен айналысады.

Құдайберген Саржанов, бұрынғы ҚазКСР балықшаруашылығы министрі:

– 30 жылдан бері Арал балықшылары күні аталған жоқ, 30 жылдан бері. 2015 жылы облыстық дәрежеде Аралдың балықшылар күні аталды. 2016 жылы республикалық дәрежеде, 2017 жылы Арал балықшылар күні халықаралық болып есептелді. Соның барлығы қарлығаштың аузымен су тасығандай халықаралық халықтың назарын Аралға аудару деген сөз.