Семейде тұрмыстық қалдықтар жиналатын жаңа полигон салынады

Дереккөз: www.24.kz

Семей қаласының маңынан тұрмыстық қалдықтар жиналатын жаңа полигон салынады.

Қазірдің өзінде жергілікті әкімдік жер телімін бөліп, алдағы уақытта инфрақұрылымдық желілер тарту жұмыстары басталады. Бұл – еліміздегі экологиялық кодекстің биылғы жылдан күшіне енген талаптарына сәйкес болып жатқан өзгеріс. Қала басшылығы тұрмыстық қалдық шығарумен айналысатын 12 кәсіпорынның жұмысымен таныса келе, кейбіріне қатаң ескертулер берді. Өйткені жаңа талаптарға сәйкес, қоқыстар арнайы сұрыптаудан өтіп, бөлек-бөлек жинақталуы тиіс. Әзірге 5 мекеме жұмысы сынға алынып, оларға жағдайды түзеуге бір ай уақыт берілді.

Ермак Сәлімов, Семей қаласының әкімі:

– Жаңа полигон қаладан 15 шақырым қашықтықта орналасады. Оған озық технологияларға бағытталған заманауи жобалық сметалық құжат жасалуы тиіс. Яғни тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап жинайтын арнайы қондырғылар, көліктер болады. Еуропалық даму және Қайта құру банкі қаржыландыратын жоба болғандықтан, жұмыстар кезең-кезеңмен жүзеге асады. Биыл құжаттарды реттесек, келесі жылдан бастап нақты іске кірісеміз.